Кәсіпкерлерден пара алған «Oil Construction Company» бас директорының орынбасары ұсталды

Бизнес өкілдерінен бірнеше рет пара алған «Oil Construction Company» бас директорының орынбасары ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Кazinform

«Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектор саласындағы заңсыз баюдың жемқорлық сызбасын анықтады. Жүргізілген жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде «Oil Construction Company» ЖШС бас директоры орынбасарының бизнес өкілдерінен бірнеше рет пара алғаны әшкереленді», - деді ол.

Ресми өкілдің дергінше, күдікті Маңғыстау облысы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Кендірлі» демалыс аймағында теңіз суын тұщыту зауытын салу» инвестициялық жобасын іске асыру аясында ақшалай қаражатты кедергісіз аудару үшін пара алған.

«Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деді Арман Тілеукенов.