Кәсіпқой бокс: Садриддин Ахмедов екі жыл үзілістен кейін рингке оралады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (13-0,11КО) екі жылға созылған үзілістен кейін рингке оралады.

Фото: Sports.kz

BoxRec порталындағы ақпаратқа сәйкес, Ахмедов 31 тамыз күні Американың Санта Инес қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға оралып, жергілікті боксшы Антонио Тоддпен (17-10,9КО) қолғап түйістіреді. 

Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған.

Айта кетерлігі, Садриддин Ахмедов соңғы айқасын екі жыл бұрын Алматы қаласында өткізіп, Оңтүстік Африкалық боксшы Нкулулеко Мхлонгоны алғашқы раундта жеңген.

Садриддин Ахмедов - 2016 жылғы жастар арасында бокстан әлем чемпионы. Ол 2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысып, Канадада алғашқы жекпе-жегін өткізді. 13 айқасында, қазақстандық боксшы супер жартылай орта салмақта WBC Youth World, WBC Asian, NABF және WBC Francophone чемпиондық титулдарын иеленді.