Кәсіпқой бокста әлем чемпионы болғым келеді – Иван Дычко
АCТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпқой боксшы, аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шебері Иван Дычко үлкен спорттағы алғашқы қадамын Рудный қаласындағы шағын залда бастаған еді. Қазір белгілі спортшы кәсіпқой рингте бақ сынап, халықаралық деңгейде жүлдеге ие болып жүр. Kazinform тілшісіне ол кәсіпқой бокстағы жолы және алдағы мақсаты жөнінде әңгімелеп берді.
- Иван, боксқа қалай келдіңіз?
- Мен 15 жасқа толғанымда достарыммен бірге залға келдім. Сол уақытта Рудныйда бұл жақсы дәстүрге айналған еді. Барлығымыз бокспен айналысуға ден қойдық. Содан бері спорттың осы түрімен шұғылданып келемін. Айта кетсем, менің үлкен екі ағам бар. Олар да менің таңдауыма әсер еткен болуы керек.
- Алғашқы бапкеріңіз кім болды?
- Жергілікті маман Юрий Анатольевич Янов - менің бірінші бапкерім. Ол қазір де Рудный қаласында бокс мектебінде еңбек етеді. Одан кейін Владимир Иванович Шайер менің жеке бапкерім ретінде қызмет атқарды. Бұл маман мені Азия чемпионаты, әлем және Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға дейін жеткізді. Сол кісінің жемісті еңбегінің арқасында әуесқой бокста көптеген жетістікті бағындырдым.
- Мансабыңыздағы ең жарқын естелік ретінде қандай оқиғаны айтар едіңіз?
- Әрине, бұл орайда 2012 жылғы Олимпиаданы ерекше айта аламын. Бұл - мен үшін аталған дүбірлі додаға жасалған тәжірибе. Оны өмірдегі өте жарқын, қызықты, маңызды оқиға деп санауға негіз бар.
- Сіздің алғашқы жоғары деңгейдегі жекпе-жектеріңіз қалай өтті?
- Нақты айту қиын. Шын мәнінде бірінші ғана емес әр жекпе-жек оңай болған жоқ. Әрбір қарсыласыңа физикалық, психологиялық тұрғыда дайындалуың керек. Маңызды турнирлерде оңайға соғатын жекпе-жек болмайды.
- Әуесқой және кәсіпқой бокстағы дайындықтың басты айырмашылығы қандай?
- Кәсіпқой бокста басты назарыңды жалғыз қарсыласқа бұрасың. Онда бір ғана жекпе-жек болады. Ал әуесқой бокстағы турнирге қатысу үшін бірнеше кездесуге күш салуыңа тура келеді. Олардың ойын көрсету мәнері әртүрлі. Бұл кездесулер бірнеше күнге созылады. Екеуі мүлдем бөлек, әрқайсысында басқа тәсілге көңіл бөлінеді.
- Неліктен кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдадыңыз?
- Бұл әуесқой бокстағы қадамыңды қисынды түрде аяқтауға мүмкіндік туғызады. Мен әлі де боксқа деген күш-жігерімнің сарқылмағанын сездім. Сол себепті ары қарай жалғастыруды жөн санадым. Мақсатым - кәсіпқой бокста биікті бағындыру, әлем чемпионы атану. Бұл - менің арманым, сол жолдағы жұмысты жалғастырып, көп жұмыс істеуім керек. Кәсіби спортта да әртүрлі нәтиже кездеседі. Бірақ ол қандай болса да үлкен нәтиже саналады. Сондықтан көп нәрсе үйренуің керек, сол арқылы алға қадам басуға болады.
- Қазір қай жерде және кіммен жаттығып жүрсіз?
- Алдағы жекпе-жекке дайындық Питтсбургте (Пенсильвания, АҚШ) әйгілі жаттықтырушы Том Янкеллоның басшылығымен өткізіліп жатыр. Ол - бұрын кіші Рой Джонс және өзге де танымал чемпиондарға жол ашқан білікті маман. Сондай-ақ мен Boxing Stars компаниясының басқару тобымен жұмыс істеймін.
- Бокстан тыс хоббиіңіз бар ма?
- Шынымды айтсам, басты хоббиім - ол менің жұмысым. Мен өзім жақсы көретін нәрсемен айналысқаныма қуаныштымын. Ал қалған уақытта мен өзгелер секілді фильмдер көремін, оқимын, интернетте боламын. Боксты, әсіресе Рудныйдан келген балаларды және бокс мектебінің түлектерін қадағалап отырамын.
Иван Дычко - Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген спорт шебері (2012), әуесқой бокстағы Олимпиада ойындарының қос дүркін қола жүлдегері (2012, 2016), үш дүркін әлем чемпионатының жүлдегері (2011, 2013, 2015), Азия чемпионы (2013), Инчхондағы Азия ойындарының чемпионы (2014), Гуанчжоудағы Азия ойындарының финалисі (2010).
Бір аптадай бұрын қазақстандық боксшы Иван Дычко жылдық үзілістен кейін кәсіпқой боксқа оралды. Ол Вашингтонда (АҚШ) өткен кәсіпқой бокс кешінде басты жекпе-жекте америкалық Сэмюэл Кроссдпен қолғап түйістірді. Аса ауыр салмақтағы кездесу сегіз раундқа жоспарланды. Жекпе-жек техникалық нокаутпен бірінші раундта қазақстандықтың пайдасына аяқталды. Бұл - Иван Дычконың кәсіпқой бокстағы 15-ші жеңісі (оның 13-і нокаут).