Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев айтып берді.
— Енді су пайдаланушылар өндірісте пайдаланылған су көлемі, айналымдық және қайта пайдалану көрсеткіштері туралы тұрақты түрде есеп беріп отыруы керек. Сонымен бірге, олар су үнемдеу технологияларын енгізу, өндірістік емес шығындарды азайту және суды қайта пайдалану жүйелеріне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті, — деді Т. Момышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұл бағытта облыс әкімдіктері 2030 жылға дейін өнеркәсіп орындарында суды қайта пайдалану үлесін арттыруға арналған жоспарлар қабылдап, тиісті шараларды іске асырып жатыр. Нәтижесінде, суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін жеткізу көзделген.
Ал белгіленген талаптарды орындамаған кәсіпорындарға қатысты қатаң шаралар қарастырылған, яғни, іс-шаралар жоспарын жүзеге асырмаған жағдайда, олардың су тұтыну көлемі 20%-ға дейін қысқартылуы мүмкін. Қазір осы талаптарды түсіндіру мақсатында өнеркәсіп кәсіпорындарымен кездесулер өтіп жүр.
Айта кетейік, елімізде жылына 1 млн текше метрден астам су пайдаланатын шамамен 89 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Олардың жалпы су тұтыну көлемі 5,8 млрд текше метрді құрайды.
Елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар күшейіп келеді. Су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі бірнеше есе өсіп, 2025 жылы 543 мың гектардан асқан. Билік 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізуді көздеп отыр.