«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білімді реформалаудың экономиканы дамытудағы рөліне айрықша тоқталып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, әлемдегі тенденцияларды және ішкі сын- қатерлерді есепке ала отырып кәсіптік білім жүйесін трансформациялауды келесі бағыттарда жүргізбекпіз. Біріншіден, профилизациялау ескерілген. Бұны іске асыру үшін өңірлер экономикасының құрылымына талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 4 макроөңірді және олардың даму бағыттарын айқындадық. Мәселен, еліміздегі жұмыс күшінің үштен бірінен астамы шоғырланған Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өндірістерді локализациялау және инфрақұрылымды дамыту жүріп жатыр. Орталық және шығыс облыстарда кадрлардың саларалық және өңіраралық ауысуын қамтамасыз ету үшін одан әрі индустрияландыру жоспарланған. Солтүстік өңірлерде аграрлық сектор қарқынды жүзеге асырылып жатса, батыста – ірі компаниялардың айналасында жаңа өндірістер құрылып отыр», - деді Ғ. Бейсембаев.
Оның айтуынша, осы бағыттарды ескере отырып, өңірлердің фокусын техникалық және кәсіптік білімге бағыттау үшін колледждерді бейімдеу жұмыстары басталды. Қазіргі кезде өңірлердің экономикасы құрылымдарына сәйкес 195 колледж қайта бейімделді, олардың басым бөлігі Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Астана қаласында орналасқан.
«Екінші бағыт аясында 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастыру ескерілген. Бұл мақсатта министрлік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын теңдестіретін бағалау жүйесінің жобасын әзірледі. Бағалау жүйесі халықаралық тәжірибеде, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері қолданатын рейтингтік бағалауға негізделген. Осы орайда, оқытудың халықаралық салалық стандарттарын енгізу және сол стандарттар бойынша сертификатталған студенттердің үлесі негізгі көрсеткіштердің бірі саналады. Жетістіктерді бағалауды жыл сайын жүргізу техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жеке даму траекторияларын дербес құруына мүмкіндік береді. Бағалау жүйесі техникалық және кәсіптік білім ұйымдарындағы қызметтің барлық параметрлерін бағалауға жол ашадыі. Осы бағалау жүйесін қолдану ТжКБ-ны 4 топқа, яғни 4 лигаға бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бірінші және екінші лигаға жатқызылған колледждер алғашқы 100 технологиялық көшбасшыны қалыптастырады. Олар басқа колледждер үшін Ресурстық тірек орталықтарын құрайтын болады», - деді министр.