— Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу мен мүгедектікті белгілеу бір нәрсе емес. Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру салдарынан нақты қызметкердің еңбек не қызметтік міндеттерін орындау қабілетінің қаншалықты төмендегенін сипаттайды. Басқаша айтқанда, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылуды анықтау кезінде тек аурудың болуы немесе жарақат салдары ғана емес, ең алдымен осы салдардың адамның белгілі бір кәсіптік жұмысты орындау қабілетіне қалай әсер еткені бағаланады. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі пайыздық көрсеткішпен белгіленеді, — деді ол Астана қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның мәліметінше, кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі 5-29, 30-59, 60-89 және 90-100 пайызбен белгіленеді. Сараптама жүргізу кезінде өндірістік жарақаттың немесе кәсіптік аурудың салдары, ағза функцияларының бұзылу деңгейі, жұмысты жалғастыру мүмкіндігі, еңбек жағдайларын өзгерту, біліктілікті төмендету немесе арнайы жұмыс орнын құру қажеттілігі ескеріледі. Бірақ, диагноз кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі пайызын анықтамайды. Демек, бірдей ауруы бар екі адамның кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі аурудың салдары мен атқаратын жұмысының сипатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Ләззат Сартымбетованың атап өтуінше, медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдаманы медициналық ұйым рәсімдейді. Онда денсаулық жағдайы, тексеру нәтижелері, емдеу және оңалту туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар медициналық-әлеуметтік сараптама өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру фактісін анықтамайды. Сарапшылар расталған өндірістік жағдайдың салдарын және кәсіптік еңбекке қабілеттіліктің шектелу дәрежесін бағалайды.
Кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленуі мүмкін. Мерзім денсаулық жағдайын, оңалту болжамын, емдеу нәтижелерін және бұзылған функцияларды қалпына келтіру мүмкіндігін ескере отырып анықталады. Қайта куәландыру кезінде денсаулық жағдайының динамикасы, емдеу мен оңалтудың тиімділігі, кәсіби шектеулердің сақталуы және еңбекке қабілеттілікті қалпына келтіру мүмкіндігі бағаланады. Сондықтан бұрын белгіленген пайыз автоматты түрде ұзартылмайды, әр жолы сараптамалық бағалау жүргізіледі.
Айта кетейік, елімізде жасанды интеллект әлеуметтік төлемдерді тағайындау, атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу және мүгедектік тобын белгілеу процестеріне кеңінен енгізіліп жатыр.