Кастамону қаласында «Түркі әлеміндегі жыл әдебиетшісі» анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі елдерінің ақын-жазушылары түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы - Кастамону қаласында бас қосты. Шара барысында Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Ырзаевқа ТҮРКСОЙ-дың Құрметті медалі табысталып, сонымен қатар «Түркі әлеміндегі жыл әдебиетшісі» атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ТИКА-мен серіктес «Аврасья» Жазушылар одағы мен Халықаралық Түркі әлемінің ұйымы (ТҮРКСОЙ) ұйымдастырған түркі әлемінің әдеби журналдарының тоғызыншы Конгресі 16 халық мен қоғамдастықтың 28 әдебиетшісінің басын қосты. Олардың ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Қырым, Гагаузия (Молдова), Ирак, Иран, Косово, Македония, Солтүстік Кипр елдерінің ақын-жазушылары бар.

«Өздеріңіз білетіндей, түркі әлемінің өнері мен мәдениетіне зор үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің еңбегін елей отырып, ТҮРКСОЙ олардың құрметіне естелік жылдың жарияланғанын мәлімдеді. Осы жылы мұндай маңызды даталардың қатарында әзірбайжан ақыны Қара Қараевтың 100 жылдығы, қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы еніп отыр», - деді ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Сонымен қатар, ол қайтыс болған классиктерге құрмет көрсетумен қатар, замандастарымыздың шығармашылығы мен дарынын лайықты бағалау керектігін атап өтті. ТҮРКСОЙ бас хатшысы осы ретте тірісінде аты аңызға айналған Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Ырзаевты атап өтіп,  конгрестің ашылуында оған ТҮРКСОЙ-дың Құрмет грамотасы табысталды.

Анар Ырзаев Кастамонуға тұңғыш рет келгенін мойындады.

«Мен Кастамонудан Түркі әлемінің нұрын көрдім, мұнда бүкіл Түркияны көруге болады. Бұл жерде Түркияның барлық нышандарын, оның барлық табиғи және мәдени мұраларын сезіндім», - деді ол марапаттау рәсімінде.

Бұдан бұрын да хабарланғанындай, биылғы жылы Анар Ырзаев сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтойын атап өтеді. Жазушыны ТҮРКСОЙ бас хатшылығы салтанатты түрде құттықтады. Сонымен қатар, шара барысында Анар Ырзаевтың «Менің замандастарым» кітабының түркі тілінде тұсауы кесілді.

Конгрестің ашылуында «Түркі әлеміндегі жыл әдебиетшісі» сыйлығының иегерін марапаттау салтанаты өтті. 2017 жылы Түркістан қаласында өткен Түркі әлемі әдеби журналдарының сегізінші конгресінің шешіміне сәйкес, сыйлыққа бұл жолы Татарстан (РФ) жазушысы Зиннур Мансуров ие болды.

Жиында сөз алған жылдың үздік әдебиетшісі Зиннур Мансуров бүгін өз өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі екенін айтты.

«Бұған дейін көптеген марапаттарға ие болдым. Алайда бұл марапат мен үшін ерекше. Себебі, мені бұл сыйлыққа Түркі әлемі лайық деп білді. Арамызда әдебиетті әдемі шығармаларымен байытқан көптеген танымал жазушылар мен ақындарымыз отыр. Мен ақындарымыз бен жазушыларымызға жүгінемін. Біз біріксек күшті боламыз - түркі әлемі үшін бар мүмкіндікті жасаймыз. Экономика, сауда және саясат саласындағы бірлік пен ынтымақтастықтың маңыздылығы белгілі. Бірақ, егер біз мәдени және рухани бірлікке қол жеткізе алсақ, онда бұл бәрінен де үлкен жеңіс болады», - деді Мансуров.