Қастандық, темір күмбез, Харристің әрекетсіздігі – Дональд Трамптың Илон Маскпен сұхбаты

АСТАНА. KAZINFORM – «Tesla Motors» бас атқарушы директоры Илон Маск Республикалық партия атынан президенттікке кандидат Дональд Трамптан дүйсенбі күні кешке «X» әлеуметтік медиа-платформасында сұхбат алды. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: youtube.com

Сұхбат жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де тікелей эфирде басталуы керек еді, бірақ техникалық қиындықтар туындады.

Илон Масктың пайымдауынша, көптеген тыңдаушыларға платформаға кіруге DDOS шабуылы себеп болуы мүмкін. Әзірге техникалық ақау қолдан жасалған ба, әлде сұхбатқа қатысқысы келген тыңдармандардың көптігінен бе, ол жағы белгісіз.

Әңгіме Дональд Трампқа қастандық жасау және заңсыз көші-қон туралы сұрақтан басталды.

«Бұл бір ғажайып болды. Егер сол кезде басымды бұрып қалмасам, сізді қанша жерден ұнатсам да қазір осылай сөйлесіп отырмас едім. Мен оның оқ екенін және оның құлағыма тигенін бірден түсіндім. Менің ойымша, құдайға сенбейтіндер ойлануы керек», - деді Дональд Трамп өзіне жасалған қастандық туралы айта отырып.

Сондай-ақ, Дональд Трамп енді Құдайға бұрынғыдан да шынайы сенетінін айтады, бұл оның діни сайлаушыларына жағары сөзсіз.

Президенттікке үміткер қазан айында тағы бір сайлауалды іс-шара өткізу үшін Пенсильваниядағы Батлер қаласына оралуды жоспарлап отырғанын айтты. Өйткені, алдыңғы кездесуде шабуыл жасалғандықтан іс-шара кенеттен тоқтатылды.

Трамп Батлерде сайлаушылармен кездесудегі сөзін «Бұған дейін айтқанымдай» деген сөзден бастайтынын айтып әзілдеді, ал Илон Маск «Сізді дөрекі түрде тоқтатқанға дейін» деп әзілге қосылды.

Сонымен қатар Дональд Трамп АҚШ-тағы заңсыз миграция мәселесін қозғады. Айтуынша, елге 20 миллионға жуық заңсыз мигрант келген және олар қауіпті адамдар.

«Сізге айына миллиондаған адам келеді, ал ол орнынан тұрып, бірдеңе жасағалы жатқандай кейіп танытады»,- деді Дональд Трамп Камала Харриске қарата.

Ол 13 шілдедегі заңсыз миграция деректерін көрсететін диаграммаға қатысты болжам жасады.

«Заңсыз миграция менің өмірімді сақтап қалды», - деп әзілдеді Дональд Трамп.

Дональд Трамп демократ қарсыласы Камала Харрис пен АҚШ Президенті Джо Байденді сынға алды. Камала Харриске деген наразылық оның Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер болғаннан бері үлкен сұхбат бергісі келмеуімен байланысты болды.

Дональд Трамп Джо Байденнің президенттік жарыстан шыққанына өкініш білдірді, ол АҚШ Президентімен реванш өткізгісі келген еді. Ол Илон Маскқа берген сұхбатында Дж. Байден төңкерістің салдарынан АҚШ-тағы президенттік жарыстан шығуға мәжбүр болғанын мәлім етті.

«Мен Байденді пікірталаста ойсырата жеңгенім соншалық, ол кетуге мәжбүр болды. Дж. Байденнің кетуі – Америка Құрама Штаттарының Президентінің төңкерісі болды», - деп атап өтті Дональд Трамп Джо Байденнің кандидатурасын алып тастауға қатысты.

Дональд Трамп АҚШ-та «Темір күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру қажеттігіне тағы да тоқталды.

«Неге бізде «Темір күмбез» болмасқа? Израильде бар», - дейді Дональд Трамп.

Одан бөлек, Трамп АҚШ-тың Білім министрлігіне наразылығын жеткізді.

«Мен Білім министрлігін жауып, білім беруді штаттарға қайтарғым келеді», - деді Д. Трамп.

Президенттікке үміткердің пікірінше, америкалық студенттер бүкіл әлемдегі құрдастарымен салыстырғанда артта қалды. Білім министрлігін жоюдың басты артықшылықтарының бірі - білім беру шығындарын екі есе азайту.

Сұхбат барысында Дональд Трамп оның әкімшілігі америкалықтарға тарихтағы ең ауқымды салық жеңілдіктерін жасағанын мәлімдеді.

Сұхбаттың екінші жартысында Илон Маск мемлекеттік шығындарды есептеуде өз көмегін ұсынды, ал Дональд Трамп оның қатысуын қабыл алатынын айтты. Мамыр айында америкалық БАҚ Д. Трамп жеңіске жеткен жағдайда оның әкімшілігінде кеңесші лауазымын ұсынуды қарастырып жатқанын хабарлаған еді.

Сонымен қатар Д.Трамп жасанды интеллектіге қатысты алаңдаушылық танытты, себебі ЖИ электр энергиясы шығынын талап етеді.

«Бұл менің жағамды ұстатады, бірақ жасанды интеллект қазіргі біздің ел өндірісінен екі есе көп энергияны қажет етеді, бұған сеніңіз», - деді Дональд Трамп.

«X» платформасының есептеуінше, 2 сағаттан астам уақытқа созылған сұхбатты 1 миллионнан астам адам қарады.

Аталған сұхбат Д.Трамптың сайлау науқанын жандандыруға көмектесуге арналған, өйткені оның демократтық бәсекелесі, вице-президент Камала Харрис қоғамдық сауалнама бойынша алға шықты.