«Қастек» пен «Жамбыл» шекара бөлімшелеріне мобильді казармалар сатып алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысының «Қастек» және «Жамбыл» шекара бөлімшелері үшін құны 870 млн теңге болатын мобильді казармалар сатып алынады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: belvpo.com

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 4 маусымдағы ҰҚК алқасының отырысында берілген тапсырмаларын іске асыру аясында Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ шекара маңы облыстарының әкімдіктері 2020-2024 жылдарға арналған жол карталарын бекітті», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, жол карталары аясында 578 іс-шара көзделген. Оның ішінде шекаралық объектілерді жөндеу, газдандыру, электрлендіру және сумен жабдықтау бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, Алматы облысының әкімдігі бекіткен шекаралық инфрақұрылым объектілерін дамыту жөніндегі Жол картасында 120 іс-шара көзделген. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 342 млн теңгеге 4 іс-шара іске асырылды.

«Бұдан басқа, осы жылы Алматы облысының «Қастек» және «Жамбыл» шекара бөлімшелері үшін құны 870 млн теңге болатын мобильді казармаларды сатып алу көзделген. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар жөндеуге қаржы қаражатын көздемеген бірқатар шекаралық инфрақұрылым объектілері бойынша ҰҚК ШҚ одан әрі қаржыландыру үшін оларды өз балансына қайтару бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұтастай алғанда шекаралық инфрақұрылымды дамыту мәселелері уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады және 2023 жылы Үкімет жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясының отырысында қарауға жоспарланады», - деді Әлихан Смайылов.