Белгілі балуан, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров 3 маусым күні 32-ге толған болатын. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға құттықтау хат жолдады.
«Құрметті Айбек Серікболұлы! Сізді туған күніңізбен құттықтаймын. Елімізде спорт саласының дамуына, оның ішінде қазақ күресінің әлемдік деңгейге көтерілуіне елеулі еңбек сіңіріп, халқымыздың ықыласы мен құрметіне бөленіп келесіз. Алдағы уақытта жоспарлаған арман-мақсаттарыңызға жете беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр мен бақ-береке тілеймін», - делінген құттықтау хатта.
Қазір Айбек Нұғымаров «Қазақстан барысы» республикалық жарысына дайындалып жатыр. Еске салсақ, ол бәсеке 8 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Оны «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.