Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы Өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының Арнаулы Өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны қабылдады,

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ және оның құрылымдық бөлімдерімен ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Аймақтық орталықтың қызметін жоғары бағалай келіп, төраға «Орталық БҰҰ жүйесіндегі тиімді институт болып табылады»,-деп атап өтті.

Қазақстан Республикасы мен БҰҰ-ның өзара белсенді іс-қимылын атап өте келіп, Қ.Тоқаев «Президент Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Орталық қызметіне Қазақстан жан-жақты қолдау білдіреді», деді.

Төрағаның пікірінше, Орталық Азия аймағындағы қауіптер мен қатерлерді ескере келгенде, Орталықтың аймақтағы жұмысы қажет болып отыр.

Кездесуде халықаралық және аймақтық саясаттағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылып, Қырғызстандағы жағдай талқыланды.

БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Аймақтық бітімгерлік орталығы 2007 жылы 10 желтоқсанда Ашгабатта ашылған болатын. Аймақтағы елдердің үкіметтері халықаралық терроризм мен экстремизм, есірткі саудасы, ұйымдасқан қылмыс пен қоршаған ортаның жағдайы нашарлауымен бірге Орталық Азияға төнетін көптеген қатерлерді назарға алды.