Қасым-Жомарт Тоқаев: Демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір елімізде реформалар жүргізіліп жатқанын ешкім жоққа шығармайды. Барлық салада біртіндеп сапалы өзгеріс болып жатыр. Мұның барлығы еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір реформаны тиянақты әрі түпкілікті жүзеге асыру аса маңызды. Ең бастысы қоғамда жасампаздық рухы дәріптеле беруі тиіс. Ашық пікірталас және мазмұнды диалог қашанда болуы керек. Бұл елімізді одан ары өркендету үшін қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент халқымыз «келісіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпағанын еске салды.

«Әдетте мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ, демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.