Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы халықаралық көрмеге БҰҰ-ның мүдделілік тұрғысында назар аударып отырғанын жоғары бағалады. «Көрменің 9 маусымдағы ашылуына БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің қатысуы мен 13 маусымда БҰҰ күнінің ұйымдастырылуы БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған күн тәртібіне халықаралық қоғамдастықтың баса назар аударып отырғанын көрсетеді», - деді Сенат Төрағасы.
Бұнымен қоса, спикер «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі БҰҰ күніне өзі де қатысатынын жеткізді. Палата Төрағасы сонымен қатар, ЭКСПО базасында Жасыл технология мен инвестиция орталығын құру жөніндегі Қазақстан Президентінің бастамасын дәйекті түрде қолдап келе жатқаны үшін БҰҰ Даму бағдарламасына алғыс айтты.