Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылар делегациясының басшысы Тонино Пицуланы қабылдады

АСТАНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс Президент сайлауын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушылары Миссиясының Арнайы үйлестірушісі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы байқаушылар делегациясының басшысы Тонино Пицуланы қабылдады.

ЕҚЫҰ ПА байқаушылар делегациясын қабылдай отырып, төраға халықаралық қоғамдастық тарапынан президент сайлауына ерекше ықылас байқалып отырғанын атап өтті. Сайлау мониторингіне тек ЕҚЫҰ ПА тарапынан 80-нен астам байқаушылар қатысады.

Оқиғаның Қазақстан тарихындағы маңыздылығын атап өте келіп, Қ.Тоқаев «бұл сайлау науқаны ашық әрі толерантты жағдайда өтеді және халықаралық негізгі ережелер мен қағидаларға сәйкес келеді», деді.

«Президенттікке төрт үміткердің бәрі өздерінің сайлауалды науқанын шынайы көрсетіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей қол жеткізе алады»,-деді төраға және ол «қазақстандық билік сайлау кезеңі мөлдір және ашық өту үшін бар мүмкіндікті жасауға күш салуда», деп атап өтті. Қ.Тоқаев алдағы президент сайлауы әділетті және әділ өтетініне сенім білдірді.

Т.Пицула миссия президент сайлауы мониторингін жүргізудегі жауапкершілігін толық ұғынатынын және қазіргі кезде жұмысқа кіріскенін атап өтті.