Қасым-Жомарт Тоқаев елордада сенбілікке қатысып, жастармен бірге ағаш отырғызды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы желілік саябақта «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы желілік саябақта ағаш отырғызды.

Мемлекет басшысы сенбілік барысында волонтерлермен және студенттермен әңгімелесті.

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан үйімізді таза ұстауымыз керек. Ағаш отырғызып, көшелерді тазалауымыз керек. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Бізде басқа ел жоқ. Сондықтан бәріңді жауапкершілігі мол азамат болуға шақырамын. Баршаңызға, әсіресе, еріктілерге алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сенбілікке қатысқандар 2 түп қарағай және 39 түп жөке көшетін екті.

Еске сала кетейік, елордада 8 сәуірден 6 мамырға дейін «Жасыл Астана» дәстүрлі экологиялық айлығы өтіп жатыр.

Оның аясында коммуналдық және жалпықалалық бірнеше сенбілік ұйымдастырылады.

Бұған дейін астананың Сарыарқа ауданында 12,5 мың тұрғын сенбілікке шыққанын хабарлаған едік.