«Елорданың бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру үшін пәрменді іс-шаралар қабылдау қажет. Әзірленген бірыңғай дизайн-код іс жүзінде ресми құжатқа айналды. Салынып жатқан нысандар бір-бірімен үйлеспейді, бірыңғай стиль жоқ, эклектика бар. Елорданы мәнерсіз бір үлгідегі ғимарат-қораптар толтырды. Олардың құрылыс сапасы көбінесе ешқандай сынға төтеп бере алмайды. Бұл тұрғын үйге де, кеңсе үй-жайларына да қатысты. Бірақ бұл көптеген ондаған жылдар бойы қаланың сәулеттік келбетін анықтайды ғой», - деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, жаңа нысандар жалпы қала құрылысы тұжырымдамасынан шығып кетпеуі тиіс. Мұны әзірлеушілерден де үнемі талап ету маңызды.
«Ұйғарым бойынша елорданың визиттік карталарының біріне айналуы тиіс болған Мыңжылдық аллеясының қалай салынып жатқанын қараңыздар. Түптеп келгенде біз талғамсыз, ұсқынсыз қасбеттері бар, барлық жері лас, ағаштардың орнына қураған бұтақтар және инженерлік инфрақұрылымында көптеген проблема бар екі бейшара көше алдық. Оның үстіне, осы аллеядағы жалғыз алаң жеке компанияға тұрғын үй салуға берілген. Бұл мүлдем қолайсыз. Бас жоспарда көзделген скверлерді қайтаруды және Мыңжылдық аллеясын жүйелі дамытумен шұғыл айналысуды тапсырамын. Мен қаланы көгалдандыруға, оны абаттандыруға, гүлзарлар мен саябақтарды дамытуға ерекше назар аударамын. Бұл тек Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына және әрине, Алматыға да қатысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.