Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕАЭО елдерімен өзара саудасы туралы айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдермен оңтайлы сауда көрсеткішіне қол жеткізілгенін айтты. Бұл туралы ол Сенатта ЕАЭО-дағы Қазақстанның сауда саясатын іске асыру мәселелері туралы Үкімет сағатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕАЭО елдерінің парламенттері мен үкіметтері одақтың құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда. Бірлестік аясында қабылданған 20-дан астам халықаралық құжат ратификацияланды. Өткен жылдан бастап жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Осы орайда электрондық құжат айналымын пайдалану мен кедендік реттеуді сәйкестендіру ЕАЭО-ға мүше елдер кедендік органдары арасында ынтымақтастықты айтарлықтай арттырды», - деп тоқталды Сенат төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, сыртқы қолайсыз жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан бірлестік аясындағы ішкі және сыртқы саудада оңтайлы қарқынды қамтамасыз етуге мүмкін болды.

«2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2018 жылдың қаңтар-қазан аралығында Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы тауар айналымы 7,2 пайызға өсіп, 15,5 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.