Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік секторға қатысты бірқатар тапсырма берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектор саласына қатысты тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру мен ары қарай оңтайландыруды қамтамасыз ету керек. Квазимемлекеттік сектордың әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындары құрамдарына азаматтық қоғам өкілдерін енгізу идеясын қолдадым. Кеңес мүшелерімен талқылау қорытындысы бойынша қоғам өкілдерінің осы жұмысқа қатысуымен байланысты Үкімет тиісті шешім дайындады. Олар кәсіпорындар тізбесіне, қоғам қайраткерлерінің мәртебесіне, кандидаттарды іріктеу рәсіміне қатысты», - деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке барлық қажетті іріктеу рәсімдерін жүргізіп, 2020 жылғы 1 наурызға дейін кандидатураларды келісуге енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кәсіпорындардың бәсекелестік нарықтарға экономикалық тұрғыда тартылуын төмендету жұмыстары қажет екенін атап өтті.

«Бұл өз кезегінде мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің рұқсат етілген жарғылықты түрлерін қысқарту арқылы іске асырылуы тиіс. Үкімет тарапынан мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің 100-ден астам түрін қысқарту ұсынылып отыр, бұл қазіргі тізімдегілердің 30 пайызға жуығы», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін атап өтті. Яғни тізімді айтарлықтай қысқарту керек, әсіресе, бәсекелестік орта елеулі түрде дамыған ірі қалаларға назар аудару қажет.

«Үкімет 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін осы мәселе бойынша ұсыныс енгізуі керек», - деді Президент.