Қасым-Жомарт Тоқаев мамандар тапшылығын жедел шешуді тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мұғалім мен дәрігер кадрлары тапшылығын жедел шешу қажет. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды міндет - педагогика және медицина кадрларын даярлау. Қазірдің өзінде көптеген өңірде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл өте күрделі мәселе. Оны жедел шешуіміз керек. Мемлекет осы ахуалды түзету үшін нақты шараларды қолға алды. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейтіп, әлеуметтік мәртебесін арттырып жатырмыз», - деді Қазақстан Президенті.

Еске салсақ, Ұлттық кеңестің бесінші отырысы өтіп жатыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамында ротация жасалды. Жаңартылған Мәжіліс құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар. _Өткен жылы 22 қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы, ал 2019 жылы 6 қыркүйекте алғашқы отырысы болды.