Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Парламенті делегациясын қабылдады

Фото: None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Төрағасының орынбасары Борий Алихоновты қабылдады, деп хабарлайды Парламент палатасының баспасөз қызметі.

 Сенат Төрағасы қыркүйектегі Ташкент пен Самарқанд сапары барысында Қазақстан Парламентінің делегациясына көрсетілген жылы қабылдаулар үшін өзбек тарапына алғыс айтты. Қ.Тоқаев атап өткендей, сапар парламентаралық үнқатысуды нығайту және өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейту тұрғысынан нәтижелі болды. Сенат Төрағасы Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін айта келіп, екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға президенттер Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиеёв зор үлес қосқанын атап өтті. Қ.Тоқаев: «Экономикалық қарқынды даму, тұрақтылық пен бүкіл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі Қазақстан мен Өзбекстанның өзара тығыз іс-қимылы мен келісілген әрекетіне байланысты болып отыр», - деді. Б. Алихонов өз кезегінде түрлі саладағы екіжақты қатынастарды дамытудың қарқынды сипатын жоғары бағалады. Оның пікірінше, біздің мемлекеттеріміздің басшылары қол жеткізген келісімдерді іске асыруда парламенттер маңызды рөл атқарады. 

Соңғы жаңалықтар