«Құрметті депутаттар! Ұсынылған бастамалар қазір күн тәртібінде тұрған ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың бір бөлігі ғана. Оның көптеген бағыты бойынша қажетті заң жобалары талқыланып жатыр. Депутаттар бұл жұмысқа белсене қатысып, Үкіметпен сындарлы қарым-қатынас орнатуы қажет деп санаймын. Менің негізгі ұстанымым - қоғамдағы барлық өзекті мәселелер ең алдымен Парламентте талқылануға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керектігін баса айтты.
«Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату - басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл - сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.