Қасым-Жомарт Тоқаев: Проблемалар туралы әділ әрі ашық айтылуы керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан реалистік және оптимистік сценарий бойынша қатаң шектеу шараларынан биылдың өзінде құтыла алатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сөз соңында біздің елдің азаматтарымен коммуникация мен кері байланыс орнатудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Практика көрсетіп отырғандай, пандемиямен күрестің табысты нәтижесі халықтың қабылданған шешімдері мен шараларына деген сеніміне байланысты. Сенім өз кезегінде азаматтардың биліктің әрекетін түсініп, соған атсалысуына тәуелді. Азаматтармен тұрақты диалогты жалғастырып, проблемалар туралы әділ әрі ашық айта білу керек. Сол арқылы шешімдер де ұсынылуы тиіс», - деді Президент коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте сөйлеген сөзінде.

Президенттің айтуынша, бизнес өкілдері мен азаматтар ахуал санитариялық және алдын алу шараларын сақтауға байланысты өзгеретінін түсінген абзал.

«Реалистік және оптимистік сценарий бойынша біз қатаң шектеу шараларынан биылдың өзінде құтыла аламыз. Пандемиямен бірге күрескен дұрыс. Үкімет пен аймақ әкімдері мен тапсырған міндеттердің бәрінің қалтқысыз орындалуын қамтамасыз етуі керек», - деді Президент.