«Бүгін біз Сенаттың осы сессиядағы заң жобалары бойынша жұмысын аяқтадық. Өз мәресіне жеткен парламенттік маусымдағы палатаның жұмысы қарқыны мен көлемі жағынан өте ауқымды болды. Қабылданған заңдардың Қазақстан қоғамы үшін тарихи тұрғыдан алғандағы маңызын ерекше атап өтуіміз қажет. Парламент Елбасы ұсынған саяси реформаларды негізге ала отырып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылдады. Еліміз өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа дәуіріне аяқ басты. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес, мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттіктері нақтыланды. Президент өкілеттіктерінің бірқатары билік тармақтарына беріліп, Парламент атқарушы органдардың қызметін бақылауда жаңа өкілеттіктерге ие болды. Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі күшейтілді. Бұл ретте Президенттің мемлекеттік биліктің барлық органдарының бір бағытта бір-біріне жәрдемдесе отырып, бірін-бірі толықтыра жұмыс істеу қажеттігі жөніндегі қойған міндетіне әрдайым жіті назар аудару орынды деп санаймын»,-деп тоқталды Тоқаев.
Оның сөзіне қарағанда, жалпы осы сессияда Парламент палаталары Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жасап, 84 заң жобасын жан-жақты талқылап, қабылдады. 10 заң жобасына Сенат өз түзетулерін енгізді. Осылайша, заң шығару процесінің Конституцияда белгіленген тәртібіне сәйкес, қабылданған заңдардың жоғары сапасы қамтамасыз етілді.
«Сессия барысында сенаторлар екі мәрте өңірлерде болып, жергілікті тұрғындармен кездесулерде Елбасы Жолдауының негізгі ережелерін және Парламент қабылдаған заңдарды насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізді. Палата отырыстарында 70-тен аса депутаттық сауал жарияланды. Әріптестеріміз орталық мемлекеттік органдар басшыларының назарын түйткілді мәселелерге аударып, олардың оңтайлы шешімін табуға тікелей атсалысты. Сонымен қатар Сенаттағы өңір тобының белсенді жұмысын атап өткім келеді. Бұл сессияда қабылданған заңдардың және маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен қоғамда қызу талқылауға түскен өзекті мәселелерді терең зерделеу мақсатында 5 рет парламенттік тыңдау өткіздік»,-деді Сенат төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жалпы отырысқа қатысып отырған әріптестеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты. https://kaz.inform.kz/news/kasym-zhomart-tokaev-zhanadan-kosylatyn-senatorlardy-ne-kutip-turganyn-aytty_a3040720
«Кеше елімізде Конституция талаптарына сәйкес Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Сайлаушылардың сеніміне ие болып, қатарымызға жаңадан қосылатын әріптестеріміз палатаның заң шығару жұмысының пәрменділігін арттыруға тың серпін беретініне кәміл сенемін. Ал бүгін соңғы жалпы отырысқа қатысып отырған әріптестерге шын жүректен алығысымызды айтамыз және сіздерге арналған ертеңгі салтанатты жиынға шақырамыз»,-деп тоқталды ол палатаның жалпы отырысында.