Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарының қорытынды аптасын Алматы облысынан бастады.
Штаб мүшелері алдымен Талдықорған қаласында орналасқан Б.Римова атындағы драма театрда облыс жұртшылығымен кездесті. Іс-шараға білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының мамандарымен бірге жергілікті жастар да қатысты. Кездесуде штаб басшысы Мәулен Әшімбаев кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталып, Қ.Тоқаевтың негізгі ұстанымдары жөнінде әңгімеледі.
Өз кезегінде штаб мүшесі Бақытжан Жұмағұлов кандидаттың білім сапасын жақсартуға басымдық беріп отырғанын тілге тиек етті.
Штаб мүшелері Текелі қаласына да арнайы барып, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Мұнда бағдарламада айтылған аймақтардың біркелкі дамуы мен өңірлердің әлеуметтік әлеуетін арттыру мәселесі сөз болды.
Одан бөлек, штаб мүшелері облыстың зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдар алқасымен және бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.