Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұзынағаштағы қылмыс - қасірет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысы Ұзынағаш ауданындағы оқиғаға байланысты ҚР Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің пікірін твиттердегі жазбасында білдірді.

«Алматы облысындағы үш ағайынды жігіт мал үшін өлтірілді. 9 бала жетім қалды. Бұл қасірет. ІІМ мұқият тергеу жасап, кінәлілердің бәрін жазаға тартатынына сенемін», - деп жазды спикер твиттердегі парақшасында.

Еске сала кетейік,  Алматы облысында мал сатуға келген ағайынды 3 азамат ізім-қайым жоғалып, артынша олардың өлі денелері табылған болатын. Қазір 3 азаматты өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды. Алайда, марқұмның туыстары атпалдай үш азаматты 2 қылмыскер өлтірді дегенге сенбейді.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министріне тергеу барысын тікелей бақылауға алуды тапсырған болатын. «Қоғамдық қауіпсіздік және қылмыспен күрес бұл маңызды міндет. Біз мұны Үкіметтің жеке отырысында талқылаймыз», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.