Қасымхан Шанин әрі актер әрі режиссер еді...
Небәрі отыз бес жасында Қазақстанның халық әртісі атанып, режиссерлық дарыны жарқырай ашылған, еңбегі қазақ, қырғыз, ресей көрермендерінің әділ бағасын алған Жұмат өз отбасында дарындылығымен ерекшеленді. Оның жұбайы Жанбике де театр актрисасы еді.
Отыз жетінші жылғы нәубаттың құрбаны болған Жұмат пен жазықсыз Карлагқа айдалған Жанбикенің тағдырының туған-туысқандарға әсері аз болған жоқ.
Жұматтың туған інісі Әкішті бала-шағасымен жер аударды. Тағдыр тауқыметін көрген отбасы Шымкент шаһарына келіп қоныс тепті.
Баянауыл өңірінде дүниеге келген Қасымхан Әкішұлы Шанин ұлттық театр өнерінің жолбасшысы болған Жұматтың інісінің баласы. Жұмат пен Әкіштің өнерге құштарлығы Қасымханға ауысты. «Ат тұяғын тай басады» демекші, киелі өнерді өмірінің мәніне айналдырып, өзінің актерлік қабілетін қарапайым сахнада шыңдаған Қасымхан білім іздеп, Ленинградтағы Островский атындағы театр көркемөнер институтының режиссерлық бөліміне оқуға түседі. Тәжірибелі ұстаздар Гинзбург, Гутманович, Радун сынды өнер иелерінен дәріс алып, сахна сырын ұққан ол Шымкентке қайта оралады.
Қасымхан қала сахнасында Шәкен Аймановтың «Абай» спектаклінде Михайлов, Ғабит Мүсіреповтың «Амангелді» спектаклінде Мұңайтпас, Константин Симоновтың «Прага каштаны аясындасында» Жокич, Әбділда Тәжібаевтың «Майра» пьесасында Дүрбіт рольдерін шебер ойнады.
Актер Қасымхан Шаниннің шоқтығы биік жұмысы Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» спектаклінде Шоқанның бейнесі.
1958 жылы Алматыда өткен «Театр көктемі» фестивалінде бұл қойылым ерекше бағаланып, Қасымхан Шанин фестиваль лауреаты атанды.
Ол «Қазақфильм» студиясы түсірген Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайдың, Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш» оқиғасы фильмінде тілмаштың ролін шебер ойнайды.
Ал 1960 жылдан бастап Қасымхан режиссер ретінде «Шұға», «Жаяу Мұса», «Тау қызы», «Амангелді» сынды сүбелі шығармаларды тамаша сахналап, театр даңқын арттырады. Суреткердің музыка сырын терең игергендігі театр өнеріне қосқан үлесі десе де болғандай.
Қасымханның өнер қолтаңбасына ерекше шығармашылық қабілет, көркемдік тұтастық, жоғарғы ырғақ тән еді.
Жетісай театрының негізін қалап, халық театрының дайындаған «Қыз Жібек» спектаклін Кремль сахнасына көрсетуіне, «Жалбыр» спектаклімен аймақтық фестивальде жеңімпаз атануына күш-жігер жұмсаған Қасымхан Шанин өз заманының өнер жанашыры, жаңалық жаршысы.
Қасымхан шебер актер әрі режиссер болуымен қатар әуелетіп ән салатын әншілік өнерімен ерекшеленген. Ол Әміре шырқаған «Ағаш аяқ» пен «Бүркітбайдың» әнін шебер орындайтын. Осы орайда белгілі театр режиссеры, Қазақстанның халық әртісі Бәйтен Омаровтың өнердегі жолдасы Қасымхан Шанин жайлы өз кезінде айтқан естелігіне назар аударайық:
Бәйтен: Қасымхан өзі айрықша азамат еді. Бір бағытта емес, жан-жақты. Бір жағынан жақсы музыкант, әнші, әке-шешесі де өнерлі. Атақты Жұмат Шанинның тұқымдары ғой.
Маған жақын боп жүретіні мынадан белгілі. Біз Семейде тұрамыз. Бір күні үйге келсем неше түрлі чемодандар үюлі тұр. Сөйтсем, бұлар сонау Қарқаралыдан біздің үйге түскен Қасымханның әулеті екен. Қасымханмен Тәшкентте бірге оқыдық. Бұның аяқ астынан тауып кетуі ерекше дарындылығынан болатын.
Бір күні көшеде келе жатсақ бір соқыр қайыр сұрап тұр екен. Қолында гармоны бар, «мен мынаған ақша жинап берейін» деп, Тәшкенттің ортасында оның гармонын алып, шапкасын жайып қойып, көзді ақитып жіберіп шырқады-ай кеп. Онда татарша, әртүрлі әндерді айтады. Жарты сағаттың ішінде шапкасы ақшаға үйіліп қалды. Соқырдың ақшасын қолына беріп жүре бердік.
Тағы бір жәйт, Тәшкентте жүргенде өзінің жақсы көрген қызы болды. Соған барып, түнгі екілерде серенада айтатын.
Семейде «Ботагөз» фильміне түсіп, Бүркітбайды ойнады. Сонда ылғи біздің үйге келіп жататын. Жас кезіміз. Ай жарық. Ол маған «татарларды оятайық» деді. Аккордеонды алып, түнгі екіде үйден шықтық. Шырқап келе жатырмыз. Онда кішкентай үйлер ғой бәрі. Қақпалар жабық тұрады, оншақты көшені араладық. Содан бір уақытта терезелердің қақпағы ашыла бастады. Несін айтасың, екі сағатқа жуық өлең айтып жүрдік, көше тұрғындары бізге ілесіп бірге ән салды. Татар әндерін шебер орындайтын. Сөйтіп, татарлар көшесі оянды. Ондай іс екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Спектакль ойнағанда өнерге жан-тәнімен берілетін. Ол үлкен адамгершілік иесі еді. Айтқанынан қайтпайтын, біреудің ығында жүрмейтін еді. Өнерде өзінің жолын іздеп, өзінің бағытымен жүре білді. Сондықтан оны ел өте сыйлады. Бала-шағалары да өте дарынды болып ержетті. Қасымхан аз уақыт өмір сүрсе де өнерде өз ізін қалдырды. Дарындылығы арқылы білген адамдардың есінде қалды» -деген еді Бәйкен ағамыз көзі тірісінде.
Белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов Шымкентте комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезінде Қасымханмен жақын жолдас болғанын баяндайды: «Ол кезде театрдың дүркіреп тұрған кезі. Сейіт Тасмағамбетов, Мұхтар Өтебаев, Бике Серікбаева, Әкіш пен Мәкіш Шаниндер, Айша Абдуллиналар өнер көрсететін. Театрдың бас режиссеры Әубәкір Ордабаев айтқанын екі еткізбейтін өз ісінің шебері еді. Ал екінші режиссер Қасымхан Шанин болатын. Қасымхан менің «Кәпірзада оқиғасы» деген пьесамды қойды. Ол өте өжет, батыл, ақкөңіл жан еді. Алған бетінен қайтпайтын. Қасымханда қайраттылық басым болатын.
Қасымхан аса қарапайым, орта бойлы, ашаң жүзді, қимылы ширақ, бастаған ісін тез тындыратын, еті тірі жігіттердің бірі еді»- деп еске алған.
Қасымхан Шанинның курстасы, ҚР халық әртiсi Ақсақал Қалмырзаев:
- Қасымханмен қатар оқып қана қоймай, жұмысты да бiрге iстедiк. Ол Бағара халық театрының базасында Жетiсай театрын құрды. Атақты Шаниндер әулетi шетiнен өнерпаз едi. Әкесiнiң ағасы Жұматтың ақталуы үшiн құжаттарды жинап, тиiстi орындарға тапсырып, қаншама жанталасып жүрдi. Әттеген-айы, халық жауы ретiнде ұсталған Жұматтың соңынан ақталып, облыстық театрға есiмi берiлген ақжарылғап күнге жете алмады, өмiрден ерте өттi. 1956 жылы Шоқанның бейнесiн сахнада тұңғыш сомдаған Қасымхан болды. Шәкен Айманов оны «Ботакөз», «Қараш-Қараш», «Алдар Көсе» фильмдерiне түсiрдi, - деп еске алған еді.
Әрине, ұрпақ үшін ата-ананың орны ерекше. Қасымхан Шанинның тұңғыш перзенті Райхан аяулы әкесі жайлы бізге берген сұхбатында ойын былайша ортаға салған еді:
Әкемді ойласам жүрегім жүдейді. Ол кісі өнер үшін жаратылған жан еді. Өзі балажан, оқымысты еді. Әкеміз өнер сапарымен кеткенде сағынатынбыз. Киноға түсуге кеткенде мені өзімен бірге ала кететін.
Есімде қалған бір жәй- мен кішкене кезімнен әкемнің ойнаған рольдерін жатқа білетінмін.
Шоқан Уәлиханов әкемнің сүйіп ойнаған ролі еді, осы спектакльмен Ленинградқа да барғанбыз. Сонда әкеммен балда билеп, өзімді Наташа Ростовадай сезінгенмін.
-Қасымхан ағамыздың біздің алтын қорымызда төрт-бес әні ғана бар екен. Ұрпағының ішінде әке жолын қуғандар бар ма?
- Жұмат атамның баласы Рауыпбек ағамыз кәсіби скрипкашы болатын.
- Тарихи жағдайлар өз кезінде әр отбасына әсерін тигізді ғой. Сіз бір сөзіңізде әжем Жанбике халық жауының әйелі деп есептеліп, көп мехнат көрді деп едіңіз...
-Жазушы Рымғали Нұрғалиев Шанин әулетін зерттеп, екі кітап жазды. Бірінші кітабы «Талант тағдыры», екінші кітабы «Жұмат Шанин» деп аталады. «Қазақфильмнің» ұйғаруымен режиссер Аяған Шәжімбаевтың «Жұмат Шанин» және 2006 жылы «Хабар» агенттігінің түсіруімен «Қасымхан Шанин» деген деректі фильмдері түсірілді.
- Әжеңіздің тағдыры не болды?
-Әжеміз 1958 жылға дейін ГУЛАГ-та отырды. Келген соң бір жылдан кейін қайтыс болды.
- Әжеңіздің көргені бейнет болыпты. Ал Қасымхан ағамыз пьеса ойнау барысында образды әнмен әрлеп, өз мүмкіндігін көрсете алды ба?
- «Жаяу Мұса» спектаклін ойнағанда өзі режиссер болды және қолынан домбырасын түсірмей, Жаяу Мұсаның бейнесін сомдады.
«Жалбыр», «Шұға», «Жаяу Мұса» спектакльдері Шымкент театрында қойылды. Жетісай театрының құрылуына атсалысқан да әкем еді.
1968 жылы «Қыз Жібек» пен «Жалбыр» спектакльдерін Мәскеуде Кремльде қойды.
- Бір әкеден үш қыз, бір ұл өрбіген екенсіздер. Өнерді ұстаған ұрпақ бар ма?
- Өзім 1969 жылы «Тақиялы періштеде» Айман дейтін қыздың ролін ойнадым, інім Болат Шанин Мәскеудің Щепкин атындағы училищесін бітіріп, мәдениет саласында қызмет етеді. Өз балам Арман Мырзағалиев Мәскеу консерваториясын бітіріп, Нью-Иорк қаласында тұрады. Бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты. Айжан деген немересі Алматы консерваториясын бітіріп, театр саласында еңбек етеді.
- Өнер жалғасын тапты дейсіз. Бұл енді үлкендердің салып кеткен сара жолы ғой. Ал енді әкеңіздің дос-жарандары жайлы не айтар едіңіз?
- Қазақта «кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты сөз бар емес пе? Әкеміз кең адам еді, достықты қадірлейтін. Достары Шәкен Айманов, Григорий Шухрай, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бәйтен Омаров, Абжал Асқаров, Мұхтар Өтебаев және Сейіт Досмағамбетов сынды зиялы азаматтар еді.
- Сіздердің ата-жұртыңыз Баянауыл жері екен. Бұл кісілердің өнерге іңкәр болуы туған табиғаттың әсері де болар?
- Жері құнарлы да қасиетті мекен ғой, менің ұлым Арман ең алғаш осы Кереку жерінде өнер сайысының жеңімпазы болған.
- Қасымхан аға неше жыл театрда қызмет етті?
- Атамызды жер аударғанда бізге жиырма төрт сағаттың ішінде Алматыдан кету керек болды. 1938 жылы әулетімізбен Әулиеатаға шыққанбыз. Түнде ұйықтап қалып, Шымкенттен бірақ шықтық. Әкем алпысыншы жылға дейін жиырма төрт жылдай театрда еңбек етті. Алғаш Қадиша Бөкеева мен Әмина Өмірзақовалар да сол жерде өнер жолын бастаған.
- Әке жайлы біраз әңгімеледік. Анаңыз жайлы да айта отырсақ...
-Анам София өмір бойы ұстаздық етті. Бізді тәрбиелеп өсірді, сұлу адам болатын.
1958 жылдың 14 мамырында Мәскеуден келген атамның ақтау қағазын алдық. Бәріміз қуанып, Шәкен Аймановтан сүйінші сұрадық.
Әкем атам мен әжемді жазықсыз жазалағаны үшін іштей күйініп жүретін, соның бәрі жүрекке салмақ түсірді ғой, небары қырықтан жаңа асқанда өмірден өтті.
Қазақтың Шоқанын тұңғыш сомдап, қазақ өнерінің биігіне шығарған дарынды оңтүстік жұртшылығы еске алып құрметтеп, жуырда Шымкент қаласында Қасымхан Шанин тұрған үйге құрмет тақтасын ілді.
Алыстаған сайын асылға айналған тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, өнер өкілдері Жұмат пен Жанбикенің, Әкіш пен Мәкіштің соңынан ерген Қасымхан Шанин досқа адал, өнерге шын берілген, бала-шағасына аса қамқор жан еді. Өзінің тар жол тайғақ кешу ғұмырында қасиетті өнерді шыңдап, ұлттық театрдың дамуына атсалысып, іргетасын қалаған біртуар дарын иесі Қасымхан Шаниннің биыл туғанына 90 жыл. Небары 44 жаста дүниеден озып, өзімен бірге арман-мұратын арқалап кеткен өне иесінің өмірі мен өнері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева