Каталин Предою Румынияның премьер-министрі болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Румынияның уақытша президенті Илие Боложан алдыңғы үкімет басшысы отставкаға кеткеннен кейін Каталин Предоюды премьер-министр етіп тағайындады, деп хабарлайды Euronews.
Ұлттық либералдық партияның мүшесі Предою уақытша үкіметті 45 күн басқарады, дегенмен оның өкілеттігі шектеулі болады.
Марчел Чолаку дүйсенбіде биліктегі коалиция кандидаты қайта өткен президенттік сайлаудың екінші турына өте алмаған соң отставкаға кетті. Крин Антонеску жексенбіде үшінші орын алып, ұлтшыл Джордже Симион мен Бухаресттің батысшыл мэрі, тәуелсіз кандидат Никушор Данға жол берді.
Румынияда бірнеше ай бұрын шетелдік араласудың айыптауларына байланысты Конституциялық сот алдыңғы сайлау нәтижелерін жарамсыз деп танығаннан кейін қайта президенттік сайлау өтті. Бұл бұрын-соңды болмаған шешім Румынияны соңғы онжылдықтардағы ең ауыр саяси дағдарысқа ұшыратты.
Жексенбідегі дауыс беру Еуропалық Одақ пен НАТО-ға мүше осы елді қамтыған саяси белгісіздікті күшейтті.
ЕО-ның көптеген еліндегідей, Румынияда жоғары инфляция, бюджет тапшылығы және баяу экономика қоздыратын истеблишментке қарсы көңіл-күй орнады.
Бақылаушылардың айтуынша, бұл жойылған президенттік сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткен Кэлин Джорджеску сияқты ұлтшыл және ультраоңшыл қайраткерлерге қолдауды күшейтті. Оған қатысты әлі де тергеу жүріп жатыр және қайта дауыс беру рәсіміне қатысуға тыйым салынған.
Жексенбідегі дауыс берудің жеңімпазы, 38 жастағы AUR партиясының жетекшісі Джордже Симион 18 мамырда өтетін екінші турда Никушор Данмен кездеседі.
Бұған дейін Румыниядағы президентті сайлауда әсіре оңшыл саясаткер Джордж Симион алда келе жатқанын жазған едік.