Каталония парламенті өлке аумағында корридаға тыйым салды

АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Испанияның Каталония автономиялық өлкесінің парламенті (елдің солтүстік-шығысы) 2012 жылдың қаңтар айының 1-інен бастап өлке аумағында корридаға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім, 55 қарсы дауыс болғанымен, қалған 68 депутаттың қолдауымен қабылданған.

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл «қанды мерекеге» тыйым салу бастамасына "Prou!" қауымдастығы ұйытқы болып отыр, бұл атау каталон тілінен «Жетер!» деп аударылады.

«Қатыгездікті тоқтату керек. Жетер! Коррида - жануарларды азаптаудың заңдастырылған мерекесі және елімізді дүниежүзіне тағы ел ретінде көрсететін қатты спектакль», - дейді корридаға тыйым салу бастамасын көтерушілер.

Ал тыйымға наразылар болса, өгіздің адаммен болған жекпе-жектегі ажалы оның қасапханадағы өлімінен әлдеқайда адал, оған қоса, испандықтар матадорлардың ерлігінен ғасырлар бойы тәрбие алып келеді, деген өз уәждерін айтуда.