Каталониядағы химиялық апат: қауіпті аймақта 160 мың адам бар
АСТАНА. KAZINFORM — Сенбі күні таңертең Каталониядағы Виланова-и-ла-Желтру қаласындағы химиялық зауытта ірі өрт шықты, деп хабарлайды euronews.
Кәсіпорын қоймасында шамамен 70 тонна хлор сақталған, оның жану өнімдері улы бұлт түзіп, ауаға тараған.
Қауіпті аймақта шамамен 160 мың адам қалған. Билік тұрғындарды (немесе жұмыс орнындағыларды) үйде қалуға, есік-терезелерді мықтап жабуға және кондиционерлерді өшіруге шақырды.
Апат орнына ондаған өрт сөндіру және құтқару бригадалары жіберілді. Дәрігерлер де толық дайындық режимінде жұмыс істеуде; қазіргі таңда зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Каталониялық өрт сөндірушілердің айтуынша, олар өрт ошағын оқшаулап, жалынның көрші өндірістік ғимараттарға таралуына жол бермеген. Азаматтық қорғаныс қызметі желдің әсерінен улы бұлттың теңіз жаққа қарай ығысып жатқанын, сондықтан халық тығыз орналасқан аудандарға қауіптің аз екенін атап өтті.
Соған қарамастан, жергілікті әкімдіктер ашық алаңдағы спорттық және әлеуметтік іс-шараларды тоқтатты, ал бірқатар тас жолдар жабылды — бұл ең алдымен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірмеу үшін жасалды.