Қатар-2022: Англия екінші жеңісіне қол жеткізе ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының алтыншы ойын күнінде, 25 қарашада В тобында екінші тур ойындары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын елорда уақытымен 16:00-де Уэльс пен Иран арасында өткізіліп, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Кездесу Аль-Райан қаласындағы 45032 жанкүйерге арналған «Ахмед бин Али» стадионында болады.

Бас төреші - гватемалық Марио Эскобар. Оған Тринидад және Тобаго елінен келген Калеб Уолес пен коста-рикалық Хуан Карлос Мора көмекшілік жасайды.

Қосалқы төреші - сенегалдық Магетт Н'Диайе.

1978 жылдың 18 сәуірінде жолдастық кездесуде Уэльс аталған қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Алғашқы турда Уэльс АҚШ құрамасымен 1:1 есебімен тең түссе, Иран Англияға 2:6 есебімен жол берді.

Екі құрама да жарысты жалғастырудан үміт үзген жоқ. Сондықтан бүгінгі ойында бар күшті салатыны анық.

Аталған топтағы Англия мен АҚШ кездесуі елорда уақытымен 01:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» теларналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Кездесу Стадион: Эль-Хаур қаласындағы 68895 жанкүйерге арналған «Эль-Байт» стадионында өткізіледі.

Бас төреші - венесуеэлалық Хесус Валенсуэла. Оған отандастары -Хорхе Уррего Мартинес пен Тулио Морено көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - жапониялық Ёсими Ямасита.

Екі құрама бұған дейін 12 мәрте кездесті. Оның екеуі АҚШ құрамасының басымдығымен аяқталса, екі кездесу тең нәтижемен аяқталды.

Қалғанында ағылшын футболшылары жеңіске жетті.

Еске салсақ, 24 қарашада бірінші тур ойындары мәресіне жетті.


Фото: JULIAN FINNEY/GETTY IMAGES