Алғашқы кездесу елорда уақытымен 19:00-де Польша мен Сауд Арабиясы құрамалары арасында болады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Эр-Райян қаласындағы 44667 жанкүйерге арналған «Эдьюкейшн Сити» стадионында өтпек. Бас төреші -
бразилиялық Вилтон Сампайо. Оған отандастары - Бруно Бошилия мен Бруно Пирес көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - перулік Кевин Ортега.
Екі құрама бұған дейін төрт мәрте шеберлік байқасты. Барлығында польшалық футболшылардың мерейі үстем болды.
Алғашқы турда Польша Мексикамен 0:0 есебімен тең ойнаса, Сауд Арабиясы Аргентинаны 2:1 есебімен сүріндірді.
Кездесуде поляк футболшылары үшін жеңіс өте қажет. Олай болмаған жағдайда жарысты жалғастыру мүмкіндігі қиындай түседі. Әлем футболының жұлдызы Роберт Левандовски бастаған құрама сол сенімді ақтауға барынша күш салады. Ал Сауд Арабиясы жеңісті жолды жалғастыруға тырысады. Алғашқы турдағы жеңіс тектен текке келмегенін көрсетпек.
Аталған топтағы Аргентина мен Мексика кездесуі «Qazaqstan», «Qazsport» телеарналарынан елорда уақытымен 01:00-де тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын Лусаил қаласындағы 88966 сиятын «Лусаил Айконик» стадионында өткізіледі.
Бас төреші - италиялық Даниэле Орсато. Оған отандастары Чиро Карбоне мен Алессандро Джаллатини көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - румыниялық Иштван Ковач.
Екі құрама бұған дейін 32 мәрте кездесті. Оның 16-да аргентиналық футболшылар, 4-де Мексика құрамасы жеңіске жетсе, қалғаны тең нәтижемен аяқталды.
Екі құрама үшін де жеңіс қажет. Аргентина тең түсіп немесе жеңілген жағдайда жарысты жалғастыру мүмкіндігін қиындата түседі. Мексикалықтар да ұпай қорын толықтыруға тырысатыны анық.
Сондай-ақ, 25 қарашада А тобында Сенегал Қатардан басым түсті.
Ал аталған топтағы Нидерланд пен Эквадор құрамалары тең тарқасты.
В тобында Иран Уэльсті жеңсе, Англия мен АҚШ құрамалары тең ойнады.