АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысқан Бразилия құрамасының бас бапкері Тите орнын босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
TNT Sports мәлім еткеніндей, бапкер өз командасы ширек финалда Хорватиядан жеңіліп қалғаннан кейін қызметінен кететінін айтты.
Тите Бразилия тізгінін 2016 жылдан бері ұстады. Оның басшылығымен пентакампеондар әлем чемпионатының екі рет ширек финалына дейін жетті.
Осыдан төрт жыл бұрын Тите шәкірттері ¼ финалда Бельгиядан ұтылып қалса, бұл жолы хорватиялықтарға пенальти сериясында жол берді.
Бразилия 2002 жылы финалда Германияны жеңгеннен кейін еуропалық командалармен кездесулерде жолы болмай жүр. Олар плей-офф бәсекесінде соңғы алты матчта еуропалықтарға есе жіберді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Испания құрамасының бас бапкері ауысқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Хорватия Бразилияны жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Фото: ГОЛУБОВИЧ ДМИТРИЙ, «ЧЕМПИОНАТ»
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).