АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының финалында 50 мың аргентиналық, 6 мың франциялық жанкүйер келеді деп күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда 18 желтоқсанда Аргентина және Франция құрамалары кездеседі.
Кездесу Лусаил қаласындағы 88 966 жанкүйерге арналған «Лусаил Айконик» стадионында өтеді.
Дүбірлі дода барысында өз құрамасының әрбір ойынына аргентиналық жанкүйерлер көп жиналды. Осындай қолдауды әлем чемпионаты финалында да жалғастырмақ.
Екі құрама бұған дейін екі-екіден әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Аргентиналық футболшылар 1978, 1986 жылдарда жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Франция 1998, 2018 жылдарда бас жүлдеге ие болды.
Еске салсақ, әлем чемпионаты финалында польшалық Шимон Марциняк бас төреші қызметін атқарады.
ФОТО: JULIAN FINNEY/GETTY IMAGES
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.