Қатар-2022: Финалға екінші жолдама кімге бұйырады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін, 14 желтоқсанда Франция мен Марокко құрамалары финалға берілетін екінші жолдаманы сарапқа салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен желтоқсанның 14-інен 15-іне қараған түні сағат 1:00-де басталады.

Тікелей эфир «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан көрсетіледі.

Ойын Эль-Хаур қаласындағы 68 мыңға жуық адамға арналған «Эль-Байт» стадионында өтеді.

Бас төреші – мексикалық Сесар Артуро Рамос. Оған отандастары Альберто Морин Мендес пен Мигель Анхель Эрнандес Паредес көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші – венесуэлалық Хесус Валенсуэла.

FIFA рейтингінде Аргентина – 4, Хорватия 22-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін бес мәрте кездесті. Оның үшеуінде Франция жеңіске жетсе, екі ойында тең нәтиже тіркелді.

Топтық кезеңде D тобында ойнаған Франция Австралиядан 4:1, Даниядан 2:1 есебімен басым түссе, Туниске 0:1 есебімен жол берді.

Ал, 1/8 финалда Польшаны 3:1, 1/4 финалда Англияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Топтық кезеңде F тобында сынға түскен Марокко Хорватиямен 0:0 есебімен тең ойнап, Бельгияны 2:0, Канаданы 2:1 есебімен жеңді. 1/8 финалда Испаниямен 0:0 есебімен тең ойнап, пенальти тебуден мергендік танытты.

Ал, ширек финалда Португалияны 1:0 есебімен жеңді.

Еске салсақ, финалға берілген алғашқы жолдамаға Аргентина құрамасы ие болды.


Фото: Дмитрий Голубович/championat.com