АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысқан Испания құрамасының бас бапкері ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Испания футбол федерациясынан мәлім еткеніндей, ұлттық құрама тізгінін испаниялық маман Луис де ла Фуэнте ұстады.
Бұған дейін де ла Фуэнте Испания жасөспірімдер және жастар құрамасын жаттықтырған.
Маман өз қызметіне Қатардағы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін кіріседі. Жаңа бас бапкер командасын алдағы жылы наурыз айында 2024 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу сатысында Норвегия мен Шотландиямен өтетін матчтарға дайындайтын болады.
Луис де ла Фуэнтенің басшылығымен Испания құрамасы 2020 жылғы Токио олимпиадасының күміс жүлдегері атанған еді.
Бұған дейін бас бапкер міндетін тағы бір испаниялық Луис Энрике атқарған болатын. Испания құрамасы 1/8 финалда Мароккодан пенальти сериясында жеңіліп қалғаннан кейін Л.Энрике мен бапкерлер штабы түгелдей кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын араб елдерінің Марокконың жеңісін тойлап жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).