Қатар АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде ілгерілеу барын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қатар АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты реттеу жөніндегі дипломатиялық әрекеттерде ілгерілеушілік барын мәлімдеді. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрлігі Қатар премьер-министрінің Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуінен кейін хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Фото:  Anadolu Ajansı

Қатар премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Тани 9 қарашада Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз өткізді.

Қатар Сыртқы істер министрлігінің БАҚ және коммуникациялар департаментінің директоры Ибрагим бин Сұлтан Әл Хашимидің айтуынша, кездесу жақсы атмосферада өтіп, келіссөз үдерісін ілгерілетуге бағытталған.

— Әзірше келісімге қол жеткізуге қаншалықты жақын немесе алыс екенімізді айта алмаймыз. Дегенмен араағайындық әрекеттер жалғасып жатыр. Екі тарап та мәселені дипломатиялық жолмен шешуге қатысты оң ұстаным білдіріп отыр, — деді Қатар сыртқы саяси ведомствосының өкілі.

Ол Қатар премьер-министрінің Вашингтонға сапарына дейін ел өкілдері Тегеранда келіссөздер жүргізіп, аймақтағы басқа мемлекеттердің үкіметтерімен де консультациялар өткізгенін айтты.

Ал Дональд Трамп Парсы шығанағы елдері, соның ішінде Қатар мен Сауд Арабиясы, Иранға жаңа соққы жасамауға үндегенін мәлімдеді. АҚШ президенті әзірше жаңа шабуылдар жасамауға келіскенін, бірақ теңіз блокадасын сақтап қалатынын айтты.

Өз кезегінде Тегеран АҚШ-тың соққыларын тоқтату, Ормуз бұғазындағы Иран порттарының блокадасын алып тастау және санкциялардың бір бөлігін жою шартымен екі күн ішінде келіссөздерді қайта бастауға ұсыныс жасады. Ал Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені кейінірек талқылау жоспарланып отыр.

Қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілі Парсы шығанағы елдерінен мұнай мен сұйытылған табиғи газ экспорттаудың негізгі бағыттарының бірі саналатын Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру қажет екенін де атап өтті.

Тараптардан оң сипаттағы мәлімдемелер болғанымен, Вашингтон мен Тегеранның келісімге келу мерзімі әзірше белгісіз.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты әскери қысымды сақтауға және қажет болған жағдайда соққыларды қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген еді.