Қатар Араб әлемі мен Парсы шығанағындағы маңызды әрі сенімді серіктесіміз – Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатар Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Бұл туралы бүгін Ақордада Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелерді жан-жақты талқыладық. Пікір алмасуымыз мазмұнды, мағыналы болды. Қатар Араб әлемі мен Парсы шығанағындағы маңызды әрі сенімді серіктесіміз. Бұл мемлекет елімізге әрдайым қолдау көрсетіп жүргенін атап өткім келеді. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы кезең ішінде ынтымақтастығымыз нығайып, достығымыз арта түсті. Елдеріміз арасында сындарлы диалог орнады. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келеді», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қатар Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес екенін баса айтты.

«Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Мен мұны бүгін шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім. Ең бастысы елдеріміз жаһандық және өңірлік деңгейдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор жауапкершілікпен қарайды. Халықарлық және аймақтық мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото : t.me/bort_01