Қатар инвесторларының келуімен елімізде заманауи жаңа банк пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қатар инвесторларының Bereke Bank-ті сатып алуы арқылы еліміздің нарығына қандай шарттармен кіретіні жайында түсінік берді.

Фото: Pexels

«Банк саласы қарқынды бәсекеде қызмет ететіні түсінікті. Өйткені олар әр клиент үшін бәсекеге түседі. Сондықтан Қатар инвесторлары бізге жаңа технологиялармен келеді. Келіссөз барысында олар банк саласы қомақты шығынды қажет ететінін атап өтті. Себебі қазір бұл салаға жоғары технологиялар жылдам енгізіліп жатыр», — деді Н. Байбазаров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, қазір елімізде банк саласы IT-ресурстарға ерекше назар аударып отыр.

«Bereke Bank-тің болашақ акционерлері бұл салаға біраз қаражат салуы керек. Себебі банк заманауи технологияларды енгізбесе, бәсекеге түсе алмайды. Сондықтан қатарлық инвесторлар осыны жақсы түсініп отыр, яғни IT бағытта қомақты инвестиция салуы тиіс. Менің ойымша, алдағы уақытта заманауи жаңа банк пайда болады. Олар клиенттерді тарту үшін біраз жеңілдіктер жасайды деп санаймын», — деді министр.

Еске салсақ, биыл көктемде қатарлық Lesha Bank «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінен Bereke Bank-ті сатып алды. 

Келісімге 2024 жылғы 31 наурызда қол қойылған. Мәміле сомасы 65 млрд теңгені құраған.

«Бәйтерек» холдингі 2022 жылдың қыркүйегінде «Сбербанк Қазақстан» компаниясының иесі болды. Кейінірек Сбербанк атауы Bereke Вank болып өзгерді.

Сонымен қатар, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы қабылданды.