Қатар Иран елшілігінің екі атташесін нон грата тұлғасы деп жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Қатар Сыртқы істер министрлігі олардың елден 24 сағат ішінде кетуін талап етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Фото: QNA

Қатардың QNA жаңалықтар агенттігінің хабарлауынша, Қатар Сыртқы істер министрлігі Хаттама департаментінің директоры кеше Иран елшісімен кездесу өткізіп, оның барысында әскери атташе және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі атташені, сондай-ақ Иран елшілігі аталған атташелері аппараттарының қызметкерлерін нон грата тұлғасы деп жариялаған нота тапсырды.

СІМ түсіндіруінше, бұл шешім Иранның елдің егемендігі мен қауіпсіздігін бұзатын үздіксіз шабуылдары мен ашық агрессиясына жауап ретінде қабылданды.

Ведомство Иран агрессиясының жалғасуы Қатардың егемендігін, қауіпсіздігін және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға әкелетінін атап өтті.

Бұған дейін әлемдегі ең ірі газ жеткізушілерінің бірі QatarEnergy нысаны зымыран шабуылына ұшырағанын хабарладық. 

Сондай-ақ Қатар Иранды қақтығысқа қатысы жоқ елдерге соққы беруді тоқтатуға шақырғанын жаздық.