Қатар Иранның 6 млрд доллар көлеміндегі активін қайтарады

АСТАНА. KAZINFORM — Иран мен Қатар Қатарда сақтаулы тұрған Иранның 12 млрд доллар көлеміндегі активінің 6 млрд долларын бұғаттан шығару туралы келісімге келді, деп хабарлайды Арменпресс .

Фото: 1news.az

Бұл туралы Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді.

— Қол жеткізілген келісімге сәйкес, Қатарда сақтаулы тұрған Иранның жалпы көлемі 12 млрд доллар болатын қаражатының 6 млрд доллары бұғаттан шығарылып, елге қайтарылады. Сонымен қатар қалған қаражатты қайтару бойынша қажетті жұмыстар жалғасып жатыр, — делінген президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

20 маусымда The Wall Street Journal басылымы АҚШ пен Қатар Иранның бұғатталған активтерінің бір бөлігін гуманитарлық тауарларды сатып алуға пайдалану тетігін әзірлеп жатқанын хабарлаған болатын.

Басылымның мәліметінше, алғашқы кезеңде Тегеран Қатарда сақталған 6 млрд доллар көлеміндегі активке қол жеткізуі мүмкін.

Еске салайық, АҚШ пен Иран арасындағы кезекті өзара шабуылдардан кейін тараптар әскери іс-қимылды тоқтатуға келіскен еді. Келісімге сәйкес, 30 маусымға дейін шабуыл жасалмайды. Осы күні Қатарда Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты мәселе талқыланады.