Катар ҚР ауылдық жерлерінде медициналық клиникалар салу мүмкіндігін қарастыруға әзір

None
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Дүйсенбіде Дохадағы Қазақстан Елшісі Асқар Шоқыбаев Катар даму қорының атқарушы директоры Мисфер Әл-Шахуанимен кездесу өкізді.

Тараптар қор қаражаты есебінен Астанада Шейх Тамим бен Хамад Әл-Тани атындағы орта мектеп құрылысының жобасын іске асыру барысын талқылады.

М. Әл-Шахуанидің ақпаратына сәйкес Катар қоры мен Астана қаласының әкімдігі қазіргі уақытта тығыз байланыста жұмыс істеп, құрылыс жұмысын жеделдетіп бастау үшін жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатыр.

Әңгімелесушінің бұдан бұрын Қордың қатысуы туралы, Қазақстандағы басқа да маңызды әлеуметтік жобаларға қол жеткізілген уағдаластығын назарға алып,  Елші А. Шоқыбаев катар тарапына еліміздің ауылдық өңірлерінде заманауи клиникаларды салуды инвестициялау мүмкіндігін қарауды ұсынды.

Қордың атқарушы директоры Қазақстанның Катардың сыртқы саяси басымдықтарында ерекше орны бар екенін, осыған байланысты Қор Астанамен ынтымақтастықты кеңейтуге, барынша маңызды әлеуметтік жобаларды қарауға әзір екендігін мәлімдеді.