«Қатар әмірі шейх Джасим бен Мұхаммед бен Тәмидің Қазақстанға соңғы сапарынан кейін Қатар мен Қазақстан қатынасы қарқынды дамып келеді. Өзара түсіністік туралы көптеген меморандумға қол қойылды. Бүгінгі кездесуде өзге де инвестициялық келісімдер рәсімделді», - деді Қатар сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы.
Оның атап өтуінше, Қатар мен Қазақстан арасындағы қатынас өте жедел даму үстінде. Бұл орайда ол Қазақстандағы қатарлық инвестицияның молынан болғанын, ал Қатарға қазақстандық инвесторлар легінің артқанын қалайтындығын айтады.
«Бүгін таңертең Қатар мен Қазақстан Үкіметтерінің арасында мұнай мен газды, құбыр желілерін, электр стансалары мен ауруханаларды қоса алғанда көптеген секторға инвестиция туралы келісімнің рәсімделгеніне куә болдық», - деді ол.
Спикердің атап өтуінше, мұның бәрі екі ел арасындағы инвестициялық қатынастардың артуына септігін тигізеді. Сонымен қатар шейх Қазақстанның Қатарға достық пейілдегі үлкен мемлекет екендігіне, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мұнай-газ секторы салаларындағы ынтымақтастыққа мол мүмкіндік бар екендігіне айрықша назар аудартты.
«Бүгін таңертең қол қойылған барлық меморандум ынтымақтастығымызға негіз қалайды. Тіпті, оның кейбірі бүгінде қолданыстағы келісімшарт та саналады. Таяу жылдардың ішінде оның нәтижесін көретіндігімізге үміттенеміз. Мұнан бөлек, бұл келісімдердің таяу уақытта жүзеге асырылатындығынан үміттенемін», - деді Халиф бин Джасим Әл Тәни.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі бірқатар құжатқа қол қойды.