Қатарда өлім жазасына кесілген Үндістан азаматтары босатылды

ДОХА. KAZINFORM – Қатарда тыңшылық жасады деген айыппен тұтқындалып, өлім жазасына кесілген сегіз үндістандық босатылды. Бұл туралы CNN хабарлады.

Photo: pinterest.com

2022 жылдың тамыз айында Қатарда бір топ үнді азаматы Израильге тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынды. 2023 жылдың қазан айында Қатар соты сегіз азаматты өлім жазасына кесті.

Үндістан барлық тұтқындардың отбасыларымен байланыста екенін және Қатар үкіметімен үкімді талқылап жатқанын айтты. Желтоқсан айында министрлік жазалардың қысқартылғанын, жақын арада жазаның өзгеруі мүмкін екенін айтқан.

– Үндістан үкіметі Қатарда қамауға алынған Dahra Global компаниясында жұмыс істейтін сегіз үнді азаматының босатылуын құптайды. Олардың жетеуі Үндістанға оралды, – делінген Үндістан Сыртқы істер министрлігінің дүйсенбідегі мәлімдемесінде.

Үндістан Қатар Әмірінің бұл азаматтарды босатып, үйлеріне қайтуына рұқсат беру шешіміне ризашылығын білдірді.