Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қатардың бұрынғы әмірі, ресми түрде «Әмір әке» атағын иеленген шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Қатар әмірінің кеңсесі

Қатар Әмірінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде оның жексенбі күні таңертең қайтыс болғаны айтылды.

Шейх Хамад Қатарды 1995–2013 жылдары басқарды. Оның тұсында ел ауқымды экономикалық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңғыру кезеңінен өтіп, сұйытылған табиғи газ өндіру мен экспорттау бойынша әлемдегі жетекші мемлекеттердің біріне айналды.

Солтүстік газ кен орнын қарқынды игерудің нәтижесінде Қатар сұйытылған табиғи газ экспортынан әлемдік көшбасшылар қатарына қосылып, халықаралық экономикадағы ықпалын едәуір күшейтті.

Шейх Хамад билік еткен жылдары Қатардың алғашқы тұрақты Конституциясы қабылданып, алғашқы муниципалдық сайлау өтті. Бұл сайлауда әйелдерге дауыс беру және сайлану құқығы берілді.

Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларында ірі жобалар жүзеге асырылды. 1996 жылы араб әлеміндегі ең ықпалды ақпарат құралдарының біріне айналған «Әл-Жазира» телеарнасы эфирге шықты.

Сыртқы саясатта Қатар халықаралық беделін нығайтып, өңірлік жанжалдарды реттеудегі маңызды делдал әрі халықаралық келіссөздердің негізгі алаңдарының біріне айналды. Сондай-ақ оның билігі кезінде Қатар 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл араб әлемінде өткен алғашқы әлем біріншілігі болды.

2013 жылдың маусымында шейх Хамад билікті өз еркімен сол кезде 33 жаста болған ұлы, қазіргі Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниға тапсырды. Бұл Парсы шығанағы елдеріндегі биліктің ерікті түрде берілуінің сирек кездесетін мысалдарының бірі саналады.

Фото: Қатар әмірінің кеңсесі

Қатар Әмірінің кеңсесі марқұм Әмір әкенің елдің дамуына, сондай-ақ араб және ислам әлеміне сіңірген еңбегі ерекше болғанын атап өтті.

Осыған дейін Қатарда Қазақстанның мәдениет күндері өткені туралы жаздық.