Қатарға экспорт көлемін 70 млн долларға жеткізуге болады – Жұманғарин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарға экспорт көлемін 70 млн долларға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парсы аймағында орналасқан Қатар күрделі мемлекет. Себебі өте бай. Қарым-қатынасымыз бұрыннан жақсы. Бүгін екі шартқа қол қоямыз. Біріншісі - метрология мен сертификация жөнінде. Ол ертең біздің тауарларға жол ашады. Екіншісі сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы. Олда алдағы уақытта сауда-экономикалық қарым-қатынасымызға құқықтық база қалыптастыратын келісімшарт болады», - деді ол Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар министр бүгінде Қазақстан мен Қатар арасындағы тауар айналымы өте төмен екендігін айтты.

«Тек 3 млн доллар ғана. Бірақ, біз арнайы есеп жасадық. Қазіргі уақыттағы экспорттық мүмкіншілігімізді 70 млн долларға дейін жеткізуге болады», - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді қарсы алды.