Қатарға жұмысқа барған қазақстандықтардың құқығы қорғалады - заң

Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат ХАА

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

- 2024 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Қатарға сапары барысында Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналасуын реттеу туралы келісімге қол қойылды. Келісімнің мақсаты – Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, - деді сенатор Руслан Рүстемов.

Келісімде өзара уағдаластықтың орындалуын бақылайтын уәкілетті органдары айқындалған - Қазақстан жағынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қатар тарапынан - Еңбек министрлігі.

- Қазақстан азаматын Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналастыру рәсімі қатарлық жұмыс берушінің өтінім беруінен басталады. Онда біліктілік талаптары, еңбек жағдайлары, еңбек шартының ұзақтығы және басқа да мәліметтер көрсетіледі. Өтінімдерді жинағаннан кейін, Қатар Мемлекетінің Еңбек министрлігі оларды Қазақстанға жібереді. Өтінімдерді алған соң, қазақстандық тарап Қатарда жұмыс істеу үшін кандидаттарды жинай бастайды. Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді. Біріншіден, халықты электронды еңбек биржасы арқылы хабардар ету. Екіншіден, қазақстандық азаматтарды жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Қатар тарапының өтінімдері бойынша қатарлық жұмыс беруші мен қазақстандық жұмыскер арасында еңбек шарты жасалады, - деді депутат.

Шарт екі елдің министрліктері мен елшіліктерінде тіркеледі және оның мазмұны Қатар заңымен қатаң реттеледі. Үлгілік еңбек шарт Келісімге қоса беріледі және оның ажырамас бөлігі саналады.

Үлгілік еңбек шартында жұмыс беруші тарапынан қамтамасыз етілетін мынадай кепілдіктер көзделген:

– тұрғын үй немесе баспанаға жәрдемақы беру;

– жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік немесе көлік жәрдемақысын беру;

– Қатар заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету;

– жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмысқа орналасу және еңбек шартының аяқталуы кезінде Қазақстанға ұшуға ақы төлеу.

Сенатордың айтуынша, жұмыс берушінің еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізуге құқығы жоқ. Егер жұмыскер мен жұмыс беруші арасында дау туындаса, бұл жағдай алдымен Қатардың Еңбек министрлігінде қаралады. Бейбіт реттеу болмаса, Қатар мемлекетінде сотқа беріледі.

Келісімнің орындалуын үйлестіру мақсатында бірлескен комитет құрылады. Қатар Мемлекеті осы Келісімді 2024 жылғы 29 қарашада ратификациялаған.

Бұған дейін Қатарда Қазақстан азаматтарына жұмысқа орналасу жеңілдейтінін жазған едік.