Энергетика министрлігінде қатарлық Power International Holding UCC Holding компаниясының қатысуымен газ саласындағы жобаларды іске асыру бойынша жиын өтті.
Мемлекет басшысының 13-14 ақпандағы Қатарға мемлекеттік сапары аясында QazaqGaz Power International Holding UCC Holding-пен келесі жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың негізгі шарттары бойынша міндетті келісімдерге қол қойды:
- Қашаған кен орнында 1 млрд м³ қуаты бар газ өңдеу зауытының құрылысы;
- Қашаған кен орнында қуаты 2,5 млрд м³ газ өңдеу зауытының құрылысы;
- Жаңа КС-14 компрессор стансасының және «КС-14-Қостанай» магистральды газ құбырының құрылысы;
- «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің құрылысы.
Естеріңізге сала кетсек, бұл келісімдер Қазақстанның газ саласын дамытуға ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Ақтөбе және Қостанай облыстарында «КС-14 — Қостанай» магистральды газ құбырын салу жобасының стратегиялық маңызы бар және Қостанай облысындағы елді мекендерді де, ірі инвестициялық жобаларды да газдандыруға бағытталған.
Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының екінші желісі — Қазақстанның оңтүстік және орталық аймақтарын газбен қамтамасыз ететін маңызды газ артериясы.
Қашағанда газ өңдеу зауыттарын салу еліміздегі тауарлық газдың өңдеу қуаты мен ресурстық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.