Деректі фильмде ханшайым ауыр диагноздың адамның физикалық жағдайына ғана емес, ішкі жан дүниесіне де әсер ететінін айтып, басынан өткен қиындықтары мен сауығу жолындағы тәжірибесімен бөліседі.
– Қатерлі ісік адамды шынымен өзгертеді. Ол денеңді өзгертеді, физикалық тұрғыдан әсер етеді. Бірақ қатерлі ісік диагнозының адамды ішкі жағынан қалай өзгертетіні әлдеқайда терең мәселе, – дейді Кэтрин фильмнің алғашқы кадрларында.
Ханшайым сауығу бір сәтте аяқталатын процесс емес екенін атап өткен.
– Сауығу – жүріп өтуге тиіс жол, – дейді ол.
Фильмде Кэтриннің биыл «Үш шың» (Three Peaks Challenge) атты күрделі тау жорығына қатысқан сәттері көрсетіледі. Бұл бағыт бойынша қатысушылар бір күн ішінде Англия, Шотландия және Уэльстегі ең биік тауларға көтерілуі керек.
Кадр сыртында ханшайым өмірдегі ауыр сынақтарды жалғыз еңсеруге болмайтынын айтады. Осы кезде экранда қатерлі ісікке шалдыққан басқа науқастардың бейнелері, сондай-ақ Кэтриннің күйеуі ханзада Уильяммен және отбасымен қауышқан сәттері көрсетіледі.
– Өмірдегі сынақтарды жалғыз бастан өткермеуіміз керек екені анық. Көбіне бастан кешкен ауыртпалық арқылы оның ар жағында қандай әдемі нәрсе жасырынғанын түсінеміз, – дейді ханшайым.
Кэтрин қатерлі ісіктің нақты қай түріне шалдыққанын ешқашан жариялаған емес. Алайда 2024 жылдың наурызында өзіне қатерлі ісік диагнозы қойылғанын және химиотерапия курсынан өтіп жатқанын мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбритания королі Чарльз III қатерлі ісікті емдеудің жанама әсеріне байланысты ауруханаға жатқызылған еді.