Қатерлі ісік не себепті қарқын алды
АСТАНА. KAZINFORM – Медицинаның дамуының әсерінен бе, әлде адамдардың денсаулығы түрлі құбылысқа ұшырап жатыр ма – белгісіз, әйтеуір кейінгі жылдары Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратын азаматтар көбейді. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Kazinform тілшісі аталған жайтты зерделеп, онкологтармен әңгімелесіп көрді.
Жыл сайын 40 мыңнан астам адамнан ауру анықталады
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, 2024 жылдың қорытындысында 41 318 адамнан қатерлі ісік анықталып, науқастардың тізімі 230 мыңнан асып кеткен. Ал 2023 жылы 41 519 жағдай тіркелген екен, ол кезде тізім 218 186 болған. Яғни, 1 жылда қатерлі ісікпен ауыратындар 5,9 пайызға өсті.
Обырдың қай түрі жиі кездеседі? 2024 жылы тізімге қосылған 41 318 адамның 5652-нен сүт безі обыры анықталған. Екінші орында колоректалды обыр тұр, 4 029 адам шалдыққан. Үшінші орында өкпе обыры – 3 833 науқас. Келесі кезекте асқазан обыры (2907) мен жатыр мойны обыры (1921).
Бұл тақырып қозғалғанда дәрігерлер азаматтардың уақытында тексерілмейтінін алға тартады. Соның әсерінен ауру әбден асқынғанда ғана ақ халаттыларға жүгінетіндер көп. Біреу білер, біреу білмес, елімізде халықтың белгілі бір бөлігін жыл сайын тегін скринингтен өткізу мүмкіндігі қарастырылған. 40 жастан асқан адамдарға жылына кемінде бір рет медициналық тексеруден өту ұсынылады. Әйелдер үшін жатыр мойны обырына (25 жастан бастап), сүт безі обырына (40 жастан бастап) скринингтер өткізіледі. Ер адамдар үшін қуық асты безі обырына тексерілуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтарға тоқ ішек обырына скрининг жасалады.
Мысалы, 2024 жылы 2,8 млн қазақстандық қатерлі ісіктің алдын алуға арналған скринингтен өткен. Жатыр мойны обырының скринингінен 795 387 әйел өтіп, 60 200 әйелден жатыр мойнының әртүрлі патологиясы анықталған. Сүт безі обырының скринингі бойынша 940 502 әйел тексерілген, 184 709-нан сүт безінің әртүрлі патологиясы анықталды. Колоректалды обырдың бар-жоғын 1 миллионнан астам ер мен әйел тексерткен. Тоқ ішектің әртүрлі патологиясы 9 828 адамнан табылыпты.
Айтпақшы, қатерлі ісікке шалдыққандардың арасында шетелге барып емделушілер жүздеп саналады. Былтыр 138 қазақстандық шетел медицинасына жүгінсе, 2023 жылы 186 пациент шетел асқан.
Аурудың себебі не – табиғи фактор ма, генетика ма?
Енді мәселеге қатысты онкологтардың пікіріне кезек берейік. ҚР Президенті іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасының бас онкологі Назар Сейдалиннің айтуынша, расында да Қазақстанда онкологиялық аурулар мен одан болатын өлім-жітім үнемі өсіп келеді.
– Күн сайын елімізде 100-ден астам адам қатерлі ісік диагнозын естиді, ал 36 адам осы аурудан көз жұмады. Бұл – жай ғана статистика емес, әрбір санның артында біреудің жақын адамы тұр. 2023 жылы осы дерттен 12 958 адам көз жұмған. Бұл – кішігірім ауыл халқының санына тең көрсеткіш.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, 2022 жылы әлемде 20 млн жаңа қатерлі ісік жағдайы тіркелсе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 77%-ға өсіп, 35 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Себебі әлем халқының саны артып, қартайып келеді, ал онкологиялық аурулар бүкіл адамзат үшін созылмалы дертке айналуда. Қазақстан да бұл үдерістен тыс емес, – деді дәрігер.
Н.Сейдалиннің сөзінше, қазіргі ғылыми көзқарас бойынша, қатерлі ісік – көпфакторлы ауру. Яғни, оның нақты бір себебін анықтау мүмкін емес. Алайда қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін факторларды екіге бөлуге болады. Біріншісі, басқарылмайтын факторлар: генетика, экология. Бұл факторларды біз өзгерте алмаймыз. Екіншісі, басқарылатын факторлар: өмір салтымен байланысты әдеттер.
Ғалымдар созылмалы жұқпалы емес аурулардың 75%-ы, оның ішінде қатерлі ісік те бар, адамның жүріс-тұрысымен байланысты екенін алға тартады. Ең басты қауіпті әдеттер: темекі шегу, алкоголь тұтыну, семіздік, физикалық белсенділіктің төмендігі.
– Адамның психологиялық жағдайы да үлкен рөл атқарады. Өйткені психологиялық тұрақсыздық, стресс, мазасыздық сияқты факторлар адамның өмір салтына тікелей әсер етеді. Онкологиялық аурулардың нақты себебі толық зерттелмегенімен, негізгі механизм белгілі: ағзадағы жасушалар мутацияға ұшырап, бақылаусыз көбейе бастайды. Біздің иммундық жүйеміз үнемі бақылауда болып, қатерлі жасушаларды жоюға тырысады. Алайда адамның өмір салты дұрыс болмаса, иммунитет әлсірейді және қатерлі ісік жасушалары көбейе береді.
Менің жеке пікірімше, адамның ойлау жүйесі мен психикалық жағдайы – оның денсаулығының негізгі іргетасы. Егер адам позитивті ойлап, өзін дамытуға ұмтылса, ол өз денсаулығына саналы түрде қарайды: дұрыс тамақтанады, спортпен шұғылданады, стрессті басқаруды үйренеді. Ал егер адам үнемі негативті ойда жүрсе, күйзеліске бой алдырса, ол тамақ, алкоголь, темекі сияқты нәрселерден жұбаныш іздейді. Бұл қауіпті аурулардың дамуына алып келеді, – деді бас онколог.
Ұлттық ғылыми онкология орталығына қарасты консультативті диагностикалық орталық меңгерушісі, 1 санаттағы дәрігер Индира Құсайынова болса, кейінгі 5 жылда Қазақстанда онкологиялық аурулардың саны артқанымен, ерте диагностика мен емдеу әдістерінің жетілуінің арқасында өлім-жітім көрсеткіші төмендеп жатқанын жеткізді.
– Мысалы, 2023 жылы онкологиялық аурулардан 12 мыңнан астам адам қайтыс болды, ал 2024 жылы өлім-жітім 3,2%-ға төмендеді. Медициналық технологиялардың дамуы арқасында ісік қазір ерте анықталады, сондықтан статистикалық көрсеткіштердің көбеюі ішінара осы себепке де байланысты, – деп бастады сөзін Индира Берікқызы.
Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісіктің бір ғана себебі жоқ. Ғылымда әлі күнге дейін қатерлі ісіктің нақты механизмдері толық зерттелмеген. Дегенмен белгілі бір қауіпті факторлар бар екені анық.
– Менің ойымша, бұл факторларды бірнеше топқа бөліп қарастырсақ болады. Біріншісі, зиянды әдеттер – темекі шегу, вейп немесе электронды темекі, алкогольді шамадан тыс пайдалану қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады. Мәселен, темекі шегу көптеген қатерлі ісік түрлерінің негізгі себебі: өкпе қатерлі ісігі жағдайларының басым бөлігі темекі шегумен байланысты, ауыз қуысы, көмей, өңеш, қуық, ұйқы безі және бүйрек қатерлі ісіктері де темекіге қатысты. Ішімдікті көп ішу асқазан-ішек жолдарының ауруларына алып келуі мүмкін.
Екіншісі, тұқым қуалаушылық. Генетикалық бейімділік кейбір қатерлі ісік түрлерінің дамуында маңызды рөл атқарады. Мысалы, сүт безі қатерлі ісігі BRCA1 және BRCA2 гендерінің мутацияларымен байланысты, бұл мутациялар отбасылық анамнезі бар адамдарда жиі кездеседі.
Үшіншісі, дұрыс тамақтанбау, фастфуд, канцерогенді заттарға бай тағамдарды, консервіленген өнімдер, нитраттар мен нитриттерге бай тағамдар асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісіктерінің даму қаупін арттырады, – дейді маман.
И.Құсайынова төртінші себепке вирустық инфекцияларды жатқызды. Кейбір вирустар қатерлі ісік ауруларының дамуына ықпал етеді. Олардың ішінде адам папиллома вирусы жатыр мойны қатерлі ісігінің негізгі себебі. Гепатит B және C вирустары бауыр қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады. Helicobacter pylori бактериясы асқазан қатерлі ісігінің дамуына әкеп соғуы мүмкін.
Ал бесіншісі, әртүрлі сыртқы орта факторлары. Иондаушы және ультракүлгін сәулеленуді айтса болады. Радиацияның әртүрлі түрлері қатерлі ісік қаупін арттыруы мүмкін деп есептеледі. Иондаушы сәулелену (мысалы, радиациялық терапия немесе ядролық өндіріс салдарынан) лейкемия және қалқанша безі қатерлі ісіктерінің даму қаупін жоғарылатады. Ультракүлгін сәулелену (күн сәулесі немесе солярий) тері обырының негізгі себебі. Қоршаған ортаның ластануы, ондағы зиянды заттар өкпе қатерлі ісігінің даму қаупін арттырады. Сондай-ақ, созылмалы стресс, дене белсенділігінің төмендігі, артық салмақ та дертке түрткі.
– Осы аталғандардың көбінің алдын алуға болады. Салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, күн тәртібі, стресске берілмеу, зиянды әдеттерден бас тарту, қоршаған орта факторларынан қорғану, инфекцияларға қарсы вакцина алу және тұрақты медициналық тексерулерден өту – қатерлі ісік ауруларының алдын алуда маңызды, – деді дәрігер.
Көпшілік өз денсаулығына салғырт қарайды
Көптеген адам дер кезінде тексерілмей, қатерлі ісікті асқындырып алатыны жиі айтылады. Президенті іс басқармасына қарасты медициналық орталық ауруханасының бас онкологі Назар Сейдалин бұның жай ғана пікір емес, шындық екенін айтты.
– Қазақстанда қатерлі ісіктердің басым бөлігі II және III сатыларда анықталады. Мұның бірнеше негізгі себебі бар: медициналық мәдениет төмен, диагнозды естуден қорқу, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімсіздік, өз денсаулығына немқұрайлы қарау. Көпшілік өз денсаулығын бағаламайды. Адамның бойы ауырмайынша, ол денсаулыққа мән бермейді. Бірақ ауру асқынған кезде қорқыныш пен үрей пайда болады, ал емдеу қымбат әрі қиынға соғады.
Сондықтан алдын алу – ең тиімді әдіс. Қатерлі ісіктің алдын алу үшін күрделі шаралар қажет емес. Жылына 1 рет жас ерекшелігіне сәйкес толық медициналық тексеруден өту (жалпы қаралу, қан анализдері, УДЗ, эндоскопия, ЭКГ, онкоскрининг) керек. Жарты жылда 1 рет созылмалы аурулары немесе қауіп факторлары (семіздік, темекі шегу, тұқым қуалаушылық) бар адамдар үшін базалық диагностикадан өткен жөн. Психологиялық денсаулық – бұл да маңызды аспект. Егер адамның санасы тұрақсыз болса, ең бірінші оның денесі зардап шегеді, – деді маман.
Осы тұста онколог Индира Құсайынова да науқастардың көбі тек ауырған кезде, әртүрлі симптомдар туындағанда ғана дәрігерге қаралатынын жасырмады.
– Симптомдардың пайда болуы – қатерлі ісіктің басқа сатыға көшкенінің белгісі. Себебі қатерлі ісік алғашқы кезеңдерде ешқандай белгілерін байқатпауы мүмкін. Сондықтан ерте диагностика – өмірді сақтап қалудың басты шарты. Елімізде бұл үшін жағдай жасалған, дегенмен әрбір азамат денсаулығы өз жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпауы керек, – деп қорытындылады дәрігер.
Тақырыпты қозғай отырып түсінгеніміз, қатерлі ісік бұрынғыға қарағанда артты немесе кеміді деп болжам жасай алмаймыз. Сандардың өсуі медициналық тексерістің жетілуімен байланысты болуы мүмкін. Ең бастысы, әр адам дертінің асқынғанын күтпей, дәрігерге уақытында қаралғаны абзал.