Қатерлі ісік адамның жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамайды – онколог
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша қазір 8800 адам қатерлі ісікке шалдығып, есепте тұр. Былтыр 1890 адамнан обыр анықталып, ем қабылдауды бастаған. Дәрігер онколог, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті "Онкология" кафедрасының ассистенті Азамат Жарылғапов обыр адамның жасы мен әлеуметтік жағдайын еш талғамайтынын және дерттің жасырын өтетінін Kazinform тілшісіне айтып берді.
— "Аты жаман ауру" қазір ғасыр дертіне айналып барады. Адамдар өзінің обырға шалдыққанын кеш біліп, өмір жасын ұлғайтуға жанталасып жатыр. Елдегі, соның ішінде Ақтөбедегі ахуал қалай? Шынымен де біз дәрігерге кеш қаралып жүрміз бе?
— Республикадағы көрсеткішті сараласақ, облыс алдыңғы қатарда емес, ортасында. Бірақ әлі де шешімін күткен мәселе көп. Негізінен насқастар аурудың соңғы сатысында, яғни, асқындырып келеді. Көрсеткішті жақсарту мақсатында университеттің емдеу орталығында онкологиялық диспансер жұмыс істеп тұр. Былтыр жылжымалы компьютерлік томография алынды. Жылжымалы маммография да бар.
— Демек бізде обырды ерте анықтауға, аурудың алғашқы сатысында ісікті көріп, емдеуге мүмкіндік бар. Скрининг қалай өткізіледі?
— Жасы 40-қа толған әйел міндетті түрде өзінің жергілікті емханасына барып, маммографиядан өтеді. Ондағы кескінді емханада отырған маман оқып, шешім шығарады. Ісіктің бар-жоғын айтады. Кейде күмән тудырып тұрғанын жеткізеді. Күмән болсын, болмасын оны міндетті түрде екінші маман оқуы тиіс. Онкодиспансердегі рентгенолог мамандарға осы кескіннің бәрін курьер жеткізеді. Күн сайын емес, айына бір рет жиналып, маман барлығын мұқият қайта қарап шығады. Ол да қорытынды береді. Жоққа шығарады немесе анықтайды. Күмән туса цифрлық маммография арқылы анықтауға болады. Ол аппарат орталықта бар. Яғни, барлығы бірдей цифрлық маммографияға түспейді, тек ісік болуы мүмкін дегеніне жолдама беріледі.
— Кім өз денсаулығына мұқият қарайды? Қала тұрғындары жиі тексеріледі, ауыл халқы селсок деп айтуға бола ма?
— Жоқ, болмайды. Ауыл тұрғындарына қарағанда қарағанда қала тұрғындарының мүмкіншіліктері жоғары, яғни, емханаға жақын тұрады. Олар емдеу орнына жаяу да, автобуспен де жете алады. Осы мүмкіндіктерге қарамастан олар жұмысбастылыққа салынып, уақыт таппай жүреді. Сондықтан онкодиспансерде ашық есік күні өткізіледі. Бұл әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.
— Бұл не береді?
— Уақыт үнемдейсіз. Әдетте емханаға барғанда учаскелік дәрігер қарайды. Кейін ол өзге маманға жолдама береді. Сіз келесі маманның бос уақытын іздеп, өз уақытыңызбен сәйкестендіріп жүргенде қолды бір сілтеп, жарты жолдан кетіп қалуыңыз мүмкін. Ал ашық есік күні бір-ақ сәтте қаралып, диагноз қоюға болады. Сол күні барлық аппаратқа түсіп, жан-жақты тексерілуге мүмкіндік бар. Бұл тоқсан сайын ұйымдастырылатын шара.
— Адамдар арасында қатерлік ісіктің қай түрі жиі кездеседі?
— Статистиканы жүргізген кезде ерлерді бөлек, әйелдерді бөлек зерттейді. Жалпы популяцияны қолданатын болсақ, бірінші орында сүт безі обыры тұр. Екінші орында өкпе обыры, үшінші орында Қазақстан бойынша тоқ ішек обыры тұр. Ал Ақтөбе облысында үшінші орында асқазан обыры анықталып жатыр. Өңірлерде көрсеткіш әртүрлі. Мәселен оңтүстікте тері обыры алдыңғы қатарда. Себебі күннің көзі әсер етеді. Денеміздегі мең, қал болса, ультракүлгін сәуленің ісік тудыруға қабілеті бар. Сол себепті денесінде мең, қалы бар адамдарға онколог дәрігерлер күнге көп қыздырынбауға кеңес береді. Ал Ақтөбедегі өзгешелікке келсек, біз көбіне соғымды тұздап, көктемге дейін жейміз. Тұздалған, сүрленген, қақталған тағамдар асқазан, ішек жолдарының обырын тудырады.
— Адам қалай ауру екенін біледі? Алғашқы белгілері бар ма?
— Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері жоқ. Ісіктің түзілгені білінбейді. Ісік барлық жерге шығады. Әйелдерде сүт безі мен жатыр мойны обыры жиі кездеседі. Ерлерде өкпе, асқазан обыры ұшырасады. Бір айта кетерлігі, ісік әр жерге түзілетін болған соң оның белгілері де әртүрлі болады. Мәселен, пневмонияның белгілері қызу көтерілу, жөтел. Ал қатерлі ісікте әртүрлі. Егер кіші дәрет қан аралас шықса, қуық, бүйрек обыры болуы мүмкін. Ең бірінші белгі ол қалыпты денеде болмайтын бөліністер. Яғни, түкірік қалыпты, құлақтан құлық алса дұрыс. Сол бөліністер қан араласқан болса, бұл алаңдатарлық жайт. Оның барлығы адамның дәрігерге қаралуы керек екенін білдіреді. Тағы бір айта кететінім, мұндай бөліністер аурудың кеш сатысында байқалады. Демек обыр дерті де кеш анықталады. Негізі қатерлі ісік көбіне екінші, үшінші сатысында анық аңғарыла бастайды. Сол себепті скринингтен өту маңызды. Онда алғашқы сатысында анықтауға мүмкіндік бар.
— Скрининг мүлтіксіз деп айта аламыз ба?
— Рентген, маммография кейде кішкентай ісікті көрмей қалуы мүмкін. Бізде ғана емес, дүниежүзінде бәрін мінсіз көрсететін аппарат жоқ. Ештеңе 100% болмайды. Медицинада 90% жоғары болса, көрсеткіш жақсы деп айтамыз. Маммография сондай аппарат. Ісікті 92-95% пайызға тауып береді. Мәселен, алдыңда 100 адам тұр, бәрі обырға шалдыққан. Аппарат арқылы біз оның 95 пайызына қатерлі ісік диагнозын қойдық. Бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен бірге диагноз қою үшін адамның шағымын сұрастырып, қараймыз. Маммография, УЗД, КТ нәтижесін қосып, бір тоқтамға келуге болады.
— Қанша уақыт керек?
— Негізі жасыл дәліз әдісі қолданылады. Науқас обырға шалдыққан болуы мүмкін деп тұрса, нақты диагноз 10 күн ішінде қойылып, 30 күн ішінде ем басталады. Обыр жедел ауру емес, оның дамуы үшін кем дегенде 1 немесе 2 жыл уақыт керек. Ол тұмау сияқты 2 күнде басталып, емдесең де, емдемесең де бір аптаның ішінде жазылып кетпейді. Ол жайлап дамып, өмір бойы қалатын ауру. Сол себепті онкологиялық диагноз қойылған адамдар өмір бойы есепте тұрады.
— Жазылып шықты деп қошемет көрсетіп жатқандар болады. Сонда бұл қалай?
— Жазылып кетті деп шартты түрде айтамыз. Олар кімдер? Нөлдік, бірінші сатыларында келген, ісіктің көлемі 1 см жетпейді, ағзаға у тарамаған кез. Көбіне көп тері обыры, жатыр мойны және сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға болады. Дер кезінде ота жасалса, сол жеткілікті. Химия терапия, сәулелі терапия қажет болмайды. Ол науқас 20-40 жыл бойы сау адам секілді жүре береді, демек бұйырған жасын сүреді. Бірақ біз ісіктің қашан, қай жеріне қайта шығатынын білмейміз. Есепте тұратыны сондықтан. Негізі шартты түрде дені сау деп айтамыз. Егер біз бақылауды тоқтатсақ, уақыт өте келе тағы шығуы мүмкін.
— Обыр көбіне кімдерден анықталады? Адамның жасы мен жынысына қарай ма?
— Обыр әлеуметтік статусқа қарамайды. Бай мен кедей деп таңдамайды. Жас пен кәріні де талғамайды. 80-90 жылдары 50 жастан асқан адамдар ауырса, қазір жасарып барады. 2023 жылғы статистикаға қарасақ, елімізде 217 мың адам есепте тұр. Ақтөбе облысында 8800 адам бар. Қазір аурушаңдық көрсеткіші бойынша ортаңғы деңгейде тұрмыз. Былтыр 1890 адамнан анықталды. 2022 жылы 1600 адам есепке алынды.
— Көбейіпті, бұл скринингтің нәтижесі ме, әлде адамдар денсаулығына мұқият қарай бастаған ба? Бәлкім аурудың таралуы жиілеген шығар…
— Біріншіден скрининг, екіншіден емхана жұмысының жақсаруы, үшіншіден, халықтың өз денсаулығына көңіл бөлуі. БАҚ-тың да әсері бар. Денсаулық мәдениетінің жақсарғаны шығар.
— Ал ауырып, хал үстінде келген адамдар себебін қалай түсіндіреді?
— Обыр жасырын өтеді. Менің еш жерім ауырмады деп айтады көбі. Ауырып жүрсе, созылмалы дерті сыр берген шығар деп ойлайды. Бұрын асқазаны ауырған адам обыр болдым деп ойламайды. Дәрі ішіп, жүре береді. Жұмысқа кірген күннен бастап жылына бір рет медициналық тексеруден өткен дұрыс. Бізде 60-70 жасқа келіп, «өмірі ауруханаға жатпадым, ауырған адам емеспін» деп айтады. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы 46 817 адам скринингтен өткен. Оның өзі 82% құрайды. Яғни, скринингтен өтуі тиіс адамдардың 18% емханаға келмеген. Біреулер тойға, садақаға барады, демалысқа кетті. Сөйтіп жүргенде өзі де, дәрігер де ұмытады. Кейбіреулерінің жұмыстан қолы тимейді. Себебін нақты айту қиын. Ал сүт безі бойынша скринингпен қамту 91% болып тұр. Тек 10% келмеді. Колоректальді обырға қарсы тексерілуге келгендер үлесі — 98%.
— Қазір жасөспірім қыздарды жатыр мойны ісігінен қорғау үшін вакцина салдыру мәселесі қайта қаралып жатыр. Тіпті шешім шықты. Вакцина шынымен қатерлі ісіктің алдын ала ма?
— Обырды тудыратын бірнеше фактор бар. Мәселен, сүт безі қатерлі ісігі гармондардың ауытқушылығы, уақытылы тұрмысқа шықпау, жүкті болмау, бала емізбеу, радиациялық ошақта болу, сонымен бірге тұқым қуалаудан туындауы мүмкін. Тұқым қуалаудың үлесі 10-15 пайызды ғана. Ал жатыр мойны обырының 70-80% папиллома вирусы тудыруы мүмкін. Бұл вакцина сол вирусқа қарсы күш. Яғни, вирустың кішкентай бөлшегін алып, ағзаға енгізеді. Біздің иммунитет ағзаға түскеннің бәрін өңдеуден өткізеді, оның белгілерін "есте сақтайды", бағыт-бағдар алады. Бұл кеден сияқты. Кеденге «вирус түссе, аямаңдар» деп алдын ала ескертеді. Қыз бала осы вирусты жұқтырғанда ағзасы қарсы тұруға дайын, демек вирус билігін жүргізе алмайды.
— Кеш анықталып, ренішін білдіретіндер кездесе ме?
— Соңғы жылдары медицина қауіпті мамандыққа айналып барады. Әлеуметтік желіден де дәрігерлерге қол жұмсап жатқанын көреміз. Бізде де осындай кездер кезігеді. Науқас та, олардың туыстары да ренжіп, жанжал туады. Біз қолдан келген емді жүргіземіз. Ал олар кінәлап, «емдегілерің келмейді, бірдеңе сұрап тұрсыңдар» деп айтады. Ең қиыны адаммен тіл табысу, көңілін табу. Біз бәрін емдеуге тырысамыз, бірақ біз әп сәтте кереметтер жасай алмаймыз.
— Ауырмайық, әңгімеңізге рахмет.